Ғалымдар: «Дельта» штамының белгілері тұмауға ұқсайды

Үндістанда таралған короновирустың дельта штамы Қазақстанға жетті деген күдік бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі науқастар арасында мутацияның осы түрін жұқтырғандар болуы мүмкін екенін айтып қалды.

Себебі елордада вирус жұқтырғандар қатарының күрт өсуіне байланысты ПТР скринингтен өткендер арасында осы штамға ұқсас белгі байқалған. Енді оның нақты нәтижесі ДНҚ үлгілерін толық геномдық зерттеуден кейін белгілі болады.

«Дельта» штамы алдыңғы штамдарға қарағанда жұқпалылығы 60%-ке жоғары. Бұрын анықталған штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын. Ал, бұл кесел бірден 5-6 адамға жұғады. Инкубациялық кезеңі 7 күнге созылады. Сонымен қатар дерт жұқтырғандар буын мен іштің қатты ауырсынуын сезінеді. «Дельта» штамы әлемнің 174 елінде анықталған. Осыған дейін COVID-19-дың әлемде, оңтүстікафрикалық, бразилиялық  және британдық штамдары тіркелген еді.

Ерлан Қиясов, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- Бұл штамды жұқтырғандардың іші ауырып, жүрегі айнуы мүмкін. Есту қабілеті де нашарлайды. Осыған байланысты қосымша шаралар қабылдауымыз керек. Ертеңгі ведомствоаралық отырыс осы тақырыпқа арналады.

Ғалымдар «Дельта» штамының таралу ошағы Үндістан деп отыр. Және ол бұрынғыларына ұқсамайды. BBC таратқан мәлімет бойынша дельтаның белгілері әдеттегідей емес. Адамда жөтел, жоғары температура және дәм сезу қабілеті болуы мүмкін. Бірақ бас ауру, мұрынның бітелуі және тамақ ауырса, онда осы кеселден күдіктене беруге болады.

Спектор, Лондон Корольдік колледжінің эпидемиология саласы бойынша профессоры:

- «Дельта» штамының белгілерін мұқият зерттедік. Бас айналып, тамақ ауырса, күдіктене беруге боладлы. Мұрын да бітеледі. Бұл әдетте ковидке тән емес симптомдар. Демек, қауіпті дерт өзгеше тарап жатыр. Бұл штамды жұқтырушылар байқамай да қалуы мүмкін. Өйткені ол кәдімгі тұмау секілді. Менде жай ғана сырқат деп қоғамдық жерде алаңсыз қыдырып жүргендер ойлануы керек. Мүмкін осы себеппен Ұлыбританияда вирус жұқтырғандар саны көбейіп барады.

Британиялық ғалымдардың зерттеуі негізінде вирус тағы мутацияға ұшырады деуге толық негіз бар. Бірақ оны анықтау әзірге қиынға соғып тұр. Себебі, кәдімгі тұмаудан көп айырмашылығы жоқ. Сондықтан бұл белгілер бойыңызда байқалса, дереу дәрігерге жүгінгеніңіз жөн.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Айдана Кәрібжанова