COVID-19: Атырау облысында 86 адамның жағдайы ауыр

Атырау облысында эпидемиологиялық ахуал күрделеніп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте 627 адамның ауру жұқтырғаны анықталды. Әсіресе, облыс орталығында науқастар саны екі есеге дейін өсіп кетті.

Мұнайлы өңірде соңғы тәулікте анықталған 627 науқастың 430-ы облыс орталығынан тіркелді. Былтырғы жағдай қайталанып, шаһар індеттің ілмегіне мықтап ілінген сыңайлы. Жылыой ауданы мен Теңіз кенішінде де эпидемиологиялық ахуал ушыққан. Ақ халаттылар сақтықты күшейту керек деп дабыл қағып отыр.

Руслан Қайыржан, эпидемиолог:

– Күнделікті жазылып шыққандардың санына сәйкес медициналық көмекке жүгінушілердің де саны бірдей. Сол себепті күнде жазылып шыққандардың орнына қайтадан ауруына ем іздеп науқастар түсіп жатыр. Олардың арасында негізгі ауыр ағымда өтіп жатқандар – жүкті әйелдер. Сол себепті өңір тұрғындарын адам көп шоғырланатын жерлерге бармауға, той-садақаға бармай, үйде отыруға шақырамыз.

200 орындық модульді аурухана қазір лық толы. Десе де, дертіне дауа тапқандар аман қалғанына қуанып, жақындарымен де қауышып жатыр. Алтын Төлегенова да – солардың бірі. Өкпесінің 96 проценті қабынған емделуші 2 ай бойы аурухана төсегіне таңылған. Міне, бүгін дендеген дерттің беті қайтып, өз отбасына оралмақ.

Алтын Төлегенова, емделуші:

– 96 проценттен 12-ге түсіп, үйге қайтамын. Бірақ аппаратпен шығамын. 10 шақты күн үйде пайдаланып, сосын қалпыңа келесің дейді. Енді толық емделу курсын алу керек деп жатыр.

Модульді ауруханада ем алып шыққан әр науқас дертінен толық айыққанша дәрігерлердің қарауында болады. Ағзадағы түрлі өзгеріс қатаң қадағаланады дейді мамандар.

Мерей Ғайнеденов, инфекционист:

– Біздің осы ауруханамыздан қандай да бір пациент пневмониямен шыққаннан кейін 3 айдан кейін динамикада кеуде клеткасын КТ-ға қайта түсіреді. Оның қорытындысын алып, учаскелік дәрігер мен пульмонологқа қайтадан көрсетеді. Пульмонолог содан кейін есептен шығара ма, шығармай ма шешеді.

Мұнайлы өңірде ауру жұқтырған 86 адамның жағдайы ауыр. Оның 9-ы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Айта кетейік, қазір облыстағы инфекциялық стационарларда 1800-ге жуық науқас ем қабылдап жатыр.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин