Елордалықтар Sinopharm екпесін салдыра бастады

Елордалықтар Қытайдың Sinopharm вакцинасын салдыра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде мақұлдаған екпенің 17 мың дозасы жеткізілгенін хабарлаған едік. Тамыздың соңына дейін бас шаһарға тағы 90 мың данасы әкелінбек. Инактивті саналатын вакцина Қазақстанда тіркелген алтыншы екпе. Ол жасы 18-ден асқандарға 21 мен 28 күн аралығында салғызатын екі компонентті препарат. Sinopharm-ның өзгелерден ерекшелігі – оны тасымалдап, сақтау жеңілірек. Яғни, екпе 2-8 градуста сақталады. Клиникалық сынақтың үшінші кезеңі нәтижесінде, вакцина 79%-тік тиімділігін көрсеткен. Зерттеу қорытындысына сәйкес, ағзаның екпеге реакциясы әрқилы болуы мүмкін. Яғни, ине салған жер ауырып, бойды әлсіздік билеп, әрі тұмаудың белгілері байқалуы ықтимал.

Әлия Рүстемова, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары:

- Вакцинаға қарсы көрсетілімі өзгелердікімен бірдей: жүктілік және нәрестені емізу кезінде салуға болмайды. Сондай-ақ аллергиясы немесе вакцинаның компоненттеріне қарсы медициналық көрсетілімі барларға салғызуға болмайды. Созылмалы аурумен ауыратындарға, суық тигізіп немесе инфекция жұқтырғандарға да учаскелік дәрігер екпені салдырмау керегі туралы нұсқау беруі мүмкін.