Қазақстанда әскери нысандардағы қауіпсіздік күшейді

Елде әскери нысандардағы қауіпсіздік күшейді.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, Қарулы күштерде қырағылықты күшейту мақсатында бірқатар шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, оқыс жағдайдағы кезекші күштің іс-қимылы нақтыланып, жаттығу өтті. Бұдан бөлек, арнайы операциялар мен әскери көлік-авиация күштерінің бөлімшелері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Қоймаларды күзету үшін қосымша жасақ бөлінді.

Дәурен Абдуллин, ҚР ҚК БШ Стратегиялық жоспарлау департаментінің басқарма басшысы:

- Қарулы күштерде қырағылықты күшейту аясында мынадай іс-шаралар өткізілуде. Дағдарыстық жағдай туындаған кезде кезекшілік күштер мен құралдардың іс-қимылдарының тәртібі нақтыланып, жаттығулар өткізілді. Бірлескен ықтимал іс-қимылдарды ұйымдастыру үшін мемлекеттік органдар басқа да әскерлер, әскери құрылымдар арасында өзара жұмыс ұйымдастырылды.