Түркиядағы орман өртін сөндіруге аттанған қазақстандық құтқарушылар өз миссиясын аяқтады

Түркия Республикасындағы табиғи өрттерді сөндіруге аттанған ҚР ТЖМ құтқарушылары өз миссиясын сәтті аяқтады.

Ресей, Әзербайжан, Грузия, Украина, Польша, Австрия, АҚШ, Беларусь, Иран, Испания және Швейцария сияқты мемлекеттердің басқа экипаждарымен бірге Даламан қаласының маңындағы өрттер толығымен жойылды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

«Орман алқабына жайылған өртті сөндіру үшін қазақстандық құтқарушылар 8 тәулік бойы ауқымды жұмыс атқарды. 16 құтқарушы мен екі тікұшақтан құралған арнайы топ жалпы көлемі 300 тоннадай болатын 80 циклды су шашты. 18 тамыздағы жағдай бойынша бекітілген аумақта өрт локализацияланды және жойылды», - делінген мәлімдемеде.

ҚР ТЖМ арнайы тобының жеке құрамы олардың алдына қойылған міндеттерді толық көлемде орындады және бүгінгі күні қазақстандық экипаж ұзақ қашықтықта ұшуға дайындалуда. 20 тамыз күні Түркия уақыты бойынша таңғы сағат 06:00 Даламан қаласының әкімдігі және Түркия Республикасы Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің өкілдері қазақстандық құтқарушыларды шығарып салады деп жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша түрік халқына бауырлас және гуманитарлық көмек аясында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинның бұйрығымен құрамында 16 құтқарушысы бар екі МИ-8 АМТ тікұшағы көмекке аттанған болатын. Олар үш мемлекеттің шекарасын басып өтіп, Каспий теңізі мен Қара теңізінің үстімен Кавказ таулары арқылы 4500 шақырым жер жүріп Түркия Республикасына жеткен болатын.