Алматылық ата-аналар неге алаңдаулы

Алматылық ата-аналар ұл-қызының мектепке барғанына қуанғанымен, олардың қауіпсіздігіне алаңдаулы.

Қаладағы 120 білім ошағының айналасындағы көшелерде жасанды жол кедергілері жоқ.

Айта кетейік, жыл басынан бері мұнда балалардың қатысуымен 492 жол көлік оқиғасы тіркелген.

Биыл Алматыда 30 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оқушылар үшін бірінші тақырыптық тәрбие сағатының жол ережелеріне арналуы бекер емес. Себебі, мегаполисте көлік көп, оқушылар да көптен бері онлайн оқығандықтан, жол жүру тәртібін пысықтағаны жөн, – дейді мамандар. Білім күні мектептердегі қауіпсіздік құрылғылары да толықтай тексерілді.

Манап Саттаров, жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы:

– Қазан оқиғасынан кейін өздеріңіз білесіздер қайғылы оқиғадан кейін МВД және әкімшіліктің тапсырмасы бойынша тез арада білім басқармасымен комиссия құрылып, бүкіл қалалық 200 мектепті тексеріп шықтық. Қазіргі таңда бүкіл мектеп бейне бақылаумен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда 187 мектеп біздің орталық бақылауға СКЛ қосылған. Сол жерден бақылап отырады.

Құдай оның бетін ары қылсын, бірақ мектептерде төтенше жағдай бола қалса, жедел басқару орталығына дабыл түседі. Құзырлы органдар дереу мектептің бейнебақылау камераларына қосылып, жағдайды бақылап, тез арада әрекет ете алады.

Айнұр Нұрпейісова, Қ.Сәтпаев атындағы №56 гимназияның директоры:

–Мектепте дабыл батырмасы жұмыс істеп тұр. Бізде 40 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 15-і мектептің ішінде, 25-і сыртында. Балалардың қауіпсіздігі жан-жақты қаматамасыз етілген.

Дегенмен, ата-аналар оқушылардың жолдағы қауіпсіздігіне алаңдаулы. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері балалардың қатысуымен 492 жол көлік оқиғасы тіркелген. Ал 120 мектептің айналасындағы көшелерде жасанды жол кедергісі жоқ. Жаяу жүргіншілер жолағын елемейтін көлік жүргізушілері де бар. Сондықтан, жылдамдықты еріксіз тежететін кедергі қойылса, - дейді ата-аналар.

Ирина Руденова, ата-ана:

–Мына жерде бұрын жасанды жол кедергісі бар еді. Жолға жөндеу жұмыстарын жүргізді де, қайтадан орнатпады.

Юрий Плотников, ата-ана:

–Жол қиылысына бағдаршам орнату керек деп ойлаймын. Төмен жақта бар, бірақ тағы орнату керек. Балаларын мектепке көлікпен әкелетіндер бар, қозғалыс көп. Балалар жолды кесіп өтеді. Бұл өте қауіпті.

Полиция департаменті, назар аударылуға тиісті мектептердің тізімін, мекен-жайын аудандық әкімдіктерге жолдаған. «Жақын уақытта, шара қолданылуы тиіс», – дейді мамандар.

Айта кетейік, Алматыда 22 тамыздан 23 қыркүйекке дейін «Балалар» айлығы өтуде. Бір ай бойы қаладағы көше қиылыстарын полиция қызметкерлері бақылайды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев