Қазақстанда 237 мыңнан аса NEET жас бар

Олар не оқымайды, не жұмыс істемейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері Қарағанды, Ақмола облыстарында осындай жастардың үлесі артқан. Олардың мұндай өмір салтын таңдауына бірнеше фактор әсер етеді.

Биыл елдегі NEET жастардың үлесі 6 проценттің шамасында болуы тиіс еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына алғашқы жолдауында осындай пәрмен берілген-ді. Пандемияның да әсері болар, жұмыссыз, білімсіз жастардың саны азайған жоқ.

Нұрлыбай Наурызбаев, «Жастар қызметкерлері қауымдастығы» ҚБ төрағасы:

- 2008 жылмен салыстырғанда әрине аздау. Бірақ бүгінгі таңда сол 7 пайыздың өзі - 200 мыңнан астам адам. Біздің елде өздеріңіз білесіздер, адам саны сонша көп емес, сәйкесінше 200 мың адам дегеніміз, әсіресе жас буын үшін өте өзекті мәселе.

Ащы шындық осы. Қазақстанда ғана емес, барлық дамушы мемлекетте NEET жастардың үлесі арта береді. Дүниежүзілік еңбек ұйымы осындай болжам жасады. Бұл тенденция ұлттың әлсіреуіне, қылмыстың көбеюіне алып келуі ықтимал дейді мамандар. Қазақстандық жастар ұйымдары да мәселемен күресті тоқтатпақ емес.

Тоқтар Болысов, Қазақстан жастары конгресі қауымдастығының атқарушы директоры:

- Бүкіл NEET жастардың проблемасын шешіп берген бірде-бір мемлекет жоқ. Бірақ біздің процентіміз халықаралық деңгейде өте төмен деңгейде. Олар ешқандай тізімге кірмейді. Сол NEET жастардың тізіміне кіреді. Олардың сұрақтарын шешу үшін нақты-нақты қадамдар жасау керек.

Елдегі бос жүрген жастардың дені үй шаруашылығымен айналысады. Не денсаулығына байланысты қолы байланған. Эгоистік топ та осы құрамда. Ешқандай әлеуметтік топқа жатпайтын жастарды да бұл тізімнен табуға болады. Оларды қоғамға бейімдеуде кәсіп үйрету курстарының маңызы зор. Мысалы, «Қазақстан жастары конгресі» ұсынған «Жаңару» жобасына 3000-ға тарта жас қатысып жатыр.

Камила Әміртаева, жобалық бағдарламалар жетекшісі:

- «Жаңару» дегеніміз, заманауи мамандықтарды игеруге мүмкіндік беретін жоба. Кез келген қатысушы арнайы платформа арқылы тегін білім игере алады. Бүгінде жұмыс таба алмай жүрген жастар көп. Бізден СММ, менеджмент сынды курстардан өткен соң, әрбіріне сертификат береміз. Сол құжаттың көмегімен олар сүйікті ісімен айналыса алады.

NEET санатындағы жастар назардан тыс қалып жатқан жоқ. Арнайы деректер базасы дайындалады. Әдістемелік нұсқаулықтар әзірленіп жатыр. «Жас кәсіпкер», «Серпін» сынды мемлекеттік бағдарламалар бар. Президенттің биылғы жолдауында жастарды тегін кәсіпке баулу және әскери борышын өтеген жылдарын еңбек өтілі ретінде санау жайы ұсынылды.

Мерей Мұратханқызы