Халық санағы қызметкерлері қанша жалақы алады?

Ақтөбе облысында халық санағын 1200-ден астам маман жүргізеді.

Облыстық статистика департаменті арнайы дәріс ұйымдастырып, үміткерлермен сұхбат жүргізіп жатыр. Бұл мамандар интернет арқылы тіркеліп үлгермеген азаматтарды есепке алуға тиіс. Ал әзірге өтіп жатқан онлайн санақта Ақтөбенің Қарғалы, Қобда, Мұғалжар мен Шалқар аудандары тұрғындары белсенді.

Нұсқаушылар бір айлық маусымда еңбек етіп, нәпақа табуға ниетті жандармен күнделікті сұхбат жүргізуде. Іріктеуден өткендеріне жұмыс тәртібі түсіндіріледі. Бірінші қазанға дейін 1200 санақшы дайындалуы тиіс. Әрқайсысы шамамен мыңға жуық адамды тіркейтін болады. Бұл алдын ала жүргізілген дайындық жұмыстары кезінде белгілі болған статистикалық мағлұматқа сай жасалған жоспар.

Нұржан Сәрсенбаев, облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары:

– 1 маусым мен 30 маусым аралығында облыс көлемінде осы санақтың негізгі бөлігіне бізде дайындық жұмыстары жүргізілді. Облыс көлемінде 270 мыңнан астам мекен-жайларды анықтап, барлығын аралап шықтық. Оның басты мақсаты – алдын ала халық санын білу, қанша персонал қажет болатынын, қанша есеп учаскесіне бөлуіміз керек екенін анықтау. Дайындық жұмыстары сол үшін керек болды.

Санақ қызметкерінің вакцина салғандығы туралы құжатының болуы шарт. Ал антисептик пен маска, резеңке қолғап сияқты жеке тұлғаның санитарлық қауіпсіздігін қамтамассыз ететін бұйымдарды статистика департаменті бөлетін болады. Санитар мамандардың талаптары сақталғанымен, ақтөбеліктер онлайн режимде тіркелуді орынды деп есептейтіндігін айта өткен жөн.

Интернет арқылы тіркелу үшін ел төңірегінде үш мыңнан астам қызмет көрсету орыны жасақталған. Статистика департаменті ғимараттарын айтпағанда, ірі сауда орындары мен халыққа қызмет көрсету орталықтары да бар. Ал дәстүрлі әдіспен санақ 1 қазаннан басталады. Көше аралап, әр үйге бас сұғуға міндетті мамандардың қауіпсіздігін полицейлер қамтамасыз етуі тиіс.

Амантұрлы Такешев, облыстық ПД ЖПҚ бастығының орынбасары :

– Әрбір учаскелік инспекторға санақ тәртібі түсіндірілді. Егер сұхбат жүргізуші маман белгілі бір кедергілерге тап болса 102 телефоны арқылы бізге хабарласа алады. Мекен-жай бойынша бекітілген инспектор бірден көмекке келеді.

Қазір тәртіп сақшылары бекітілген аумақты тағы бір мәрте тексеруге кіріскен. Еліміз бойынша «Участок» жедел алдын алу шарасы өтуде. Оның барысында полицейлер тұрғындарға санақтың өтетіндігі туралы да ескертуде.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков