Жуалыдағы бірнеше ауылда ауыз су тарту жұмыстары мерзімінен тоғыз айға кешікті

Мердігерлер істі сапасыз атқарғаны былай тұрсын, біраз жұмысты толық аяқтамай тасап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ соған қарамай тапсырыс беруші аудандық әкімдік қабылдап алған. Енді Теріс, Алатау елді мекендерінің тұрғындары сусыз отыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші

- Теріс ауылы жоспар бойынша орталықтандырылған таза ауыз суға 2020 жылдың желтоқсан айында қосылу керек болған. Алайда түрлі себептермен жұмыс созылып мерзімінен кешіккен. Соңында тендерді жеңіп, жұмысқа кіріскен мердігер ісіне салғырт қарап, ақшасын алып кетіп қалған.

Жәнібек Серпен, Теріс ауылының тұрғыны:

- Жерден қараңыздар қанша. Мынау жол. Мынау жоқ дегенде 30-35 сантиметр жерден биік. Қыстың күні ертең көшенің қарын күрейді. Қар күрегенде мынаны сырып кетеді. Жалғыз бұл емес. Ауылда толып жатыр. Сынып жатқаны сынып жатыр. Беті ашық, сол бойы жабылмады. Жабылады деп бізге уәде берді. Жоқ.

Жұрт су жүйесі талапқа сай жүргізілген жоқ деп отыр. Құрылыс басталған кезде-ақ сапасыз істі көрген тұрғындар дабыл қағып әкімдікке бірнеше рет шағымдарын жеткізген. Алайда біздің сөзімізге құлақ асқан адам болмады деп отыр.

Шолпан Қойбақова, Теріс ауылының тұрғыны:

- Мынаның бәрі өтірік істелген нәрсе. Сусыз қалғанымыз қалған. Халықтың жанайқайы ол ешкім бұл мәселені көтермейді де мәселемізді. Сусыз отырғанымыз отырған. Әкім барса мазақтайды. Менде суым бар. Мен Көктөбеде тұрам дейді. Маған су керек жоқ деді. Міне, жиналыста солай айтты.

Сапасыз істің салдарынан қысым жоқ. Кейбір көшеде су жүрмейді. Шұңқырлардың қақпағы сынып, ашық-шашық күйінде жатыр.

Гүлбану Қалмұханова, Теріс ауылының тұрғыны:

- Шырылдап жүрміз қанша болды. Көктемнен бері қарай. Әкім оппозицонердің қатарына қосып қойыпты. Білмеймін, су сұраған кінәміз ғой деймін. Біз айтсақ, керек нәрсемізді айтып отырмыз. Міне, қазып, есік алдын қопарып тастадық.

Света Жұмағұлова, Теріс ауылының тұрғыны:

- Су жоқ қой, несін кіргіземіз. Су болса, ағып тұрса, кіргізетін едік. Мен кіргізетін едім мысалы. Мына жерге кішкентай баламызды жібереміз. Ол тарта алмай келіп жылап, арбамен ана жаққа барғанша су жоқ. Қазір мейлі. Қыстың күні мына жерден қалай тартатынын өздерің елестете беріңдер.

Мән-жайды анықтау үшін су шығатын ұңғыманың басына бардық. Мұнда да жүрдім-бардым істелген тірлік көзге ұрып тұр. Бүтін бір ауылға су таратылатын стратегиялық нысанға қарап отырған тірі жан жоқ.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Біз қазір Теріс ауылындағы судың мұнарасына келіп тұрмыз. Шеті тегістелмеген. Ішке кіріп көреміз бе? Біраз айқайлап көрдік. Күзет ешкім жоқ. Оңай кіресің. Қалай болса солай жатыр.

Аташбек Әмірқұл, Теріс ауылының тұрғыны:

- Қуанышбай деген ініміз осы жерде қарауылдаған. Бірақ ол жұмысты тастап кетті. Тастап кету себебі оған айлық төлемейді. Бұрынғы компания кетіп қалған. Жуалы су қабылдап алмаған.

Қайта-қайта қоңырау шалып жатып аудан әкімінің жауапты орынбасары келді. Ол мердігерге де, істелген жұмысқа да шаң жуытқысы келмеді. Көзге көрініп тұрған кемшіліктерді бірге жүріп көрсетуге тырыстық.

Анықталғандай, жұмыс толық бітпестен әкімдік жобаны қабылдап алған. Енді оны жөндеуді басқа бір мекемеге тапсырмақ. Ол іске кіріскенше тағы біраз уақыт өтетін түрі бар.

Тілші:

- Қалай қабылдап алдыңыздар кемшілігін көре тұра? Не сол кезде жасатпадыңыздар?

Асхат Жабағы, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:

- Сізге айтып отырмын ғой. Қыс кезінде ерте қыс түсуіне байланысты оны жөндеуге мүмкіншілік болмады. Көктемде бәрін қалпына келтірді. Қабылданған кезі көктем кезінде қабылданды.

- Қазір қалыпқа келіп тұрған жоқ қой. Құбырлар солай жатыр. Құдықтар солай жатыр. Жүр десеңіз барып көрейік.

- Жоқ. Қазір қаражат бөлініп, Жуалы су мекемесі арқылы қалпына келтіріледі.

Әкімнің орынбасары жоқ нәрсені жобаға сапасыз істі қаржыға тіреді. Айтуынша, көп нәрсе жобалау кезінде қарастырылмаған. Оның үстіне Жұмыспен қамту бағдарламасымен тым аз қаржы қарастырылған. 2020 жылы дәл осы бағдарламамен 10 ауданды ауыз сумен қамтуға небәрі 920 миллион теңге ғана бөлінген.

Асхат Жабағы, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:

- Жұмыспен қамту бағдарламасы былтыр қабылданды ғой. Олар алдында тапсырыс берді. Былтыр олар кетіп қалған. Мынаны жылдамдатып, тездетіп өткізіңіздер. Суландыру процесін көтеру үшін деп.

Тілші:

- Суландыру процесі сонда отчет үшін жасалып жатқан нәрсе ме? Неге сапалы нәрсе істелмейді?

Асхат Жабағы, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары:

- Жоқ. Проектімен жасалған. Көрсетем сізге.

Дәл осындай мәселе Алатау ауылында да бар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә