Созақ ауданының шаруалары ата кәсіптен диқаншылыққа бет бұрды

Қуаңшылық қыспаққа алғанымен біздің ел еккен егінін, шашау шығармай жинап, күзгі жиын-терімді табысты аяқтады. Өйтетін де жөні бар. Ауыл-аймақ жаңа технологияға ден қоя бастаған.

Айталық, Созақтағы мал баққан шопандар бау-бақша да салды. Жері шөлейтті, климаты құрғақ ауданда, тамшылатып суғару технологиясын қолға алған. Сөйтіп, табыстың көзін тауып, пайда көріп отыр. Шолақ-қорған ауылында өткен «Алтын күз» жәрмеңкесіне барған тілшіміз осыған көз жеткізді.

Шолаққорған ауылының тұрғыны Әбдісалам Бабатай соңғы 5 жылдан бері бау-бақша дақылдарын егіп келеді. Биыл 400 сотық алқапқа картоп, сәбіз, пияз, қызанақ отырғызған. Тамшылатып суарудың нәтижесінде мол өнім алғанын айтады.

Әбдісалам Бабатай, диқан:

- Дақылдың барлық түрі бар енді. Қызанақтан 10 тонна алдық. Өткізіп болдық, қалғанын бүгін жәрмеңкеге әкеліп, халыққа қол жетімді бағамен сатып жатырмыз. Өткізіп атқан өнімдерімізде ешқандай химикат жоқ. Таза өнім.

Сондай-ақ ауданда топырақтың құнарсыздығы мен су тапшылығына қарамай бау егіп, жайқалтып отырған шаруалар да бар. Мәселен, 15 гектар жерге орналасқан «Гүлғайша» алма бағында 8 мың түп көшет жеміс беруде. Бағбан жәрмеңкеге 2 тонна алма әкеліп, аудан тұрғындарына нарықтағыдан төмен бағамен саудалады.

Қанат Қайратұлы, бағбан: 

- Өнім бере бастаған уақытысы ғой қазір. Былтырлары 15-20 тонна өнім жинасақ, биыл 50-60 тоннаға дейін жинау жоспарланып отыр.

«Алтын күз» жиын-терім жәрмеңкесіне Созақ ауданының шаруалары өндірген 100 тоннаға жуық әртүрлі ауыл шаруашылығы өнімі қойылды. Дәлірек айтқанда 37 тонна бақша және көкөніс дақылдары, 21 тонна ет, 1,5 тонна балық, 26 тонна мал азығы және басқа да азық-түлік өнімдері сауда сөрелеріне шығарылды.

Гүлнәзира Бейсекенова, аудан тұрғыны: 

- Жәрмеңке өте тамаша өтуде. Өзіміздің Созақ ауданының өнімдері. Бағасы да қолайлы. Мен алманың келісін 250 теңгеден алдым. Дүкендерде алманың келі өте қымбат. 400-500 теңге.

Нұралы Оспанов, аудан тұрғыны: 

- Мысалы, картоп 130 теңгеден халыққа алуға ыңғайлы. Сәбіз, пияз, мысалы, жүзім 350 теңгеден екен. Өте арзан. Жиі-жиі ұйымдастырылып тұрса дейміз. 

Созақ ауданының жер көлемі үлкен болғанымен суармалы жер аз. Соған қарамастан соңғы жылдары жаңа тенологияның көмегімен диқаншылыққа бет бұрған шаруалардың қатары көбейіп келеді. Сондықтан жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы саласына қажетті соңғы үлгідегі жаңа техникалар шығарылып, шаруаларға таныстырылды. 

Қайырбек Мейірманов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: 

- Бұл жердегі барлық өнімдер өзіміздің ауданда өндірілген. Балық өнімдері, алма бағы, «Тағай ата тұз» деген мал шаруашылығына арналған тұздары бар. «болыс ата» шаруа қожалығы қауын-қарбызды Ресейге шығарды. Аудандағы шаруаларды халыққа таныстыру үшін, аудан халқы білу үшін арнайы шақырып отырмыз. 

Жалпы Созақ ауданында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылтын 13 мың 200 гектар жер бар. Оның 5 мыңына бақша және көкөніс дақылдары егілсе, қалғанына мал азығы дақылдары өсіріледі.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі аясында аудандағы үздік тауар өндірушілер марапатталды. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш