Оралдағы кардиологиялық орталықта орын тапшы

Батыс Қазақстан облысындағы кардиологиялық орталыққа жаңа ғимарат қажет.

Аймақта жүрек ауруларын емдейтін жалғыз медициналық мекеменің жүктемесі көп. Жоспарлы емдеу тізіміндегі науқастарды қосқанда мұнда жылына 4 мыңнан астам адам қаралады. Ал нысан небәрі 140 орынға арналған. Қосымша ғимарат салу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Бірақ құрылыс әлі басталмады.

Кардиологиялық орталықта облыстың барлық ауданынан шұғыл жеткізілген науқастар ем алады. Оның үстіне жоспарлы емдеу тізімінде тұрған адамдар тағы бар. Жылына 4 мыңнан астам сырқат жанға медициналық көмек көрсетілсе, соның 300-ге жуығына ашық операция жасалады екен.

Есет Елемесов, емделуші:

– Иә, 500 шақырым жерден квота бойынша келіп отырмын. Облыста бір ғана кардиологиялық орталық бар. Осында келіп 4-5 күн емімді алдым. Бүгін стенд қойды. Бәрі жақсы.

Мақсот Назашев, емделуші:

– Өте сәтті өтті. Жансақтау бөлімінен мына бөлімге шығарды. Мында да жақсы ем қабылдап жатырмын. Ертеңнен бастап басқа бөлімге жіберейін деп жатыр. Соған қарағанда менің денсаулығым жақсы деп ойлаймын.

Мамандардың айтуынша, жүрек ауруы қазір егде жастағы адамдармен қоса, жастарда да жиілеп кеткен көрінеді.

Сәбитхан Пернеханов, кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:

– Жастар көп. Күнделікті өзінің жұмыстарына, жеген тағамдарына байланысты болуы мүмкін. Диагностиканың арқасында дер кезінде оны осы кардиологиялық орталыққа алып келеді. Көп тамырлары зақымдалған кезде, сосын жүректі 60-70% қамтамасыз ететін тамырлар зақымданған кезде Көбіне ашық операция жасалынады.

Дәл қазір орталықта 120 адам ем алып жатыр. Кей кездері науқастар саны бір мезетте 200-ге жуықтайды. Сол уақытта дәрігерлер бос кереует таппай сенделеді. Амалсыздан кейбір сырқат жандарды дәлізге жатқызуға тура келеді.

Коронавирус өршіген кезде жағдай тіптен ушықты. Қатерлі індет жұқтырған адамдарды оқшаулайтын палата табу қиынға соққан. Жүктемені азайту үшін жоспарлы емделетін адамдарды қабылдау уақытша тоқтатылып, тек ауыр жағдайдағы науқастарға қызмет көрсетілген.

Қазір мекеме қалыпты жұмыс режиміне қайта оралды. Орталыққа қосымша ғимарат салу бағытында жобалық-сметалық құжаттар әлдеқашан дайын болған. Ал құрылысты қаржыландыру кейінге шегеріліп келеді.

Эльмира Сүйеуғазиева, кардиологиялық орталық директорының орынбасары:

– 140 кереуетке 160-170 адам жатқан кездер де болды. Біз енді шұғыл түрде жұмыс жасағандықтан ешкімге диагнозына байланысты орын жоқ деп айта алмаймыз. Қысқы, күзгі уақыттарда адам саны көбеюіне байланысты кереует орындарында жетіспеушілік болады. Соған байланысты 2022 жылы 160 кереуетке арналған кардиокорпус салынғалы тұр. Кардиокорпус салынғанда біз әрі қарай өзіміздің мүмкіндіктерімізді ұлғайтып, халыққа қызмет етуді жақсартар едік.

Қосымша ғимарат – қосымша мүмкіндік. Дәрігерлер құрылыс мерзімінің ендігі жылдан әрі шегерілмеуін тілеп отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов

Сондай-ақ...