Ақсуда әлеуметтің әлжуаз тобына жататын 300-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады

Павлодар облысында пәтер кезегінде ұзық жылдар бойы тұрғандар баспаналы болып жатыр. Ақсу қаласында әлеуметтің әлжуаз тобына жататын 300-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Олардың арасында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар.

Бұрын «шіркін-ай, өз үйім болса екен» деп армандайтын Роза Қуматованың бар ойы қазір пәтерінің ішін толтыру. Қабырғаға жапсыратын тұсқағаздарды таңдап қойыпты. Ас үйге жиһазды тапсырыс бойынша жасатқан. Қуанышы қойнына сыймаған ол, іссапарға кеткен жолдасын тағатсыздана күтіп жүр. Осынау бақытты сәтті көп балалы ана сегіз жыл бойы күткен.

Роза Қуматова, көп балалы ана:

 - Ойлаған жоқпыз осындай үш бөлмелі квартира аламыз деп. Қуанышымызда шек жоқ. Қуанып отырмыз. Екі ұл, екі қызым бар. Бәрі мектепте оқиды.

Соңғы жылдары шағын қалада тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Жаңа ықшам аудан пайда болып, үш жыл ішінде екі қабатты үйлерден тұратын қалашық салынды. Мына бес қабатты еңселі үйге көп балалы отбасылар, балалар үйлерінің түлектері мен мүмкіндігі шектеулі жандар қоныстанып жатыр. Қоғамның әлжуаз топтары үшін ең өзекті болып тұрған баспана мәселесі осылай біртіндеп шешімін таба бастаған. 

Жігер Жақсыбеков, Ақсу қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің жетекшісі:

- Ақсу қаласының тұрғын үй кезегінде 2516 адам тұр. Оның негізгі үлесі әлеуметтік осал топтарға келеді. Ол 1240 адам. Екінші кезекте тұрған ол бюджеттік қызметкерлер кезегі. Мұнда бізде 623 адам.

Биыл Ақсуда 272 пәтер тапсырылды. Осының арқасында баспана кезегі 15,5 процентке азайды. Мұндай көрсеткіш металлургтер шаһарында бұрын болмаған. Ал облыс орталығында керісінше әлеуметтік баспана кезегі өте баяу жылжып жатыр. Бүгінде облыс бойынша жалпы саны 27 мың адам пәтер кезегінде тұр.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков