Оңтүстікте асылтұқымды мал басы көбейіп жатыр

Түркістан облысы Созақ ауданының шаруаларына мал басын асылдандыру үшін  257 млн теңге субцидия берілген. Ауданның жері шөлейтті болғандықтан жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында бағдарлама жасалып, 110 құдық қазылды.

Иелігінде төрт мыңға жуық асыл тұқымды қойы бар мына шаруа қожалығы 2005 жылы құрылған. Алғашында қаракөл қойын көбейтіпті. Соңғы 3 жылдан бері мал басын түгелдей асыл тұқымды қазақы қойға айналдырған. Шаруашылық жетекшісі Қайырбек Оспановтың айтуынша, ол үшін мемлекеттен 3,5 млн теңге субцидия алып, оған 80 бас асыл тұқымды қошқар сатып алған. Кәсіпкер қазір «Асыл тұқымды қой шаруашылығы» мәртебесін алуға еңбектеніп жатыр.

Қайырбек Оспанов, шаруа:

– Қаракөл мен қазақы қойдың айырмашылығы етінің салмағында болады. Арасында 15-20 келі айырмашылық бар. Асылданғанның есебінен қозыларымыз 30-35 келі ет береді. Еркегін етке өткізіп, ұрғашысын аналыққа алып қала береміз. Жылда таза қанды аналық есебінде қосып отырамыз. Бұдан да ары қарай дамытсақ деген жоспарымыз бар.

Ал тағы бір қожалық  асыл тұқымды қалмақ сиырының басын көбейтуде. 2019 жылы 70 млн теңге жеңілдетілген несие алып, оған 120 бас зеңгі баба тұқымын сатып алған. Шаруашылық басшысының айтуынша, қалмақ тұқымы суыққа да, ыстыққа да өте шыдамды. Қысы-жазы жылқы тәрізді далада жайылады. Қораға кірмейді.

Ерболат Танатов, шаруа қожалығының төрағасы:

– Бұның тиімділігі – өте ұйымшыл, ит-құсқа, басқа да жыртқыштарға берілмейді. Біреуін ұстасаңыз, барлығы бірге жабылады. Сондай бір қасиеті бар. Сосын бұл саудырмайды. Қасына барсаңыз тебеді, алдына барсаңыз сүзеді. Жабайы мал десе болады. Біздің мақсат көбейту, етке өткізу. Басын көбейтіп, ары қарай жаңартып отырсақ, жақсартамыз деген ойдамыз.

Созақтық шаруалар үшін соңғы жылдары мал басын асылдандыруға қомақты субцидия беріліп жатыр. Тек өткен жылдың өзінде мал шаруашылығы бойынша аудан кәсіпкерлері 257 млн теңге субцидия алған.

Қайырбек Мейірманов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Бұл дегеніміз – Созақ ауданы үшін рекордтық субцидия. Сондықтан шаруаларымыз осы бағытқа өтіп жатыр. Биылғы жылғы карантиндік жағдайларға байланысты қазір 38 асыл тұқымды бұқа келді. Майда малды асылдандыруға байланысты қазан айында селекциялық жұмыстарға қосылады. Соған дейін 100-ден аса қошқар келді. Бұл шаруалардың асыл тұқымды бағытқа өтуге деген жағдайы бар.

Сондай-ақ Созақ ауданының жері сусыз, шөлейтті болғандықтан мемлекеттік «Инвест» бағдарламасы аясында жайылымды суландыру үшін соңғы 3 жылда 110 құдық қазылған. Қазір құмдағы малшылар таза судың қызығын көріп отыр. Биыл тағы 58 құдық қазуға қаржы бөлініп, оның 35-і пайдалануға берілген.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы