Қостанай облысында мемлекеттік қызметкер 100 шақырымды еңсерді

«100 шақырым плюс» республикалық челленджіне мемлекеттік қызметшілер де ниет білдіріп отыр. Осындай әуесқой желаяқтың бірі Қостанай облысындағы Жітіқара ауданында тұрады. Ол аталған қашықтықты екі аптада еңсерді. Енді мұнымен тоқтамай белгіленген межені асыра орындауды мақсат етеді.

Ерлан Латыпов кездейсоқ желаяқ атанды. Бұған дейін он екі жыл бойы жүзумен шұғылданған. Ал бассейн ұзақ уақыт жөндеуге жабылғанда жүгіріске бел буыпты. Қазір спорттың екі түрін қатар алып жүр.

Ерлан Латыпов, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы:

– Жеке жаттықтырушым жоқ. Бәрін интернет арқылы көріп отырамын. Бір күнге,бір аптаға бағдарланған жоспарым бар. Бұрын күніне 2-3 шақырымды еңсеру қиынға соғатын, ал қазір 10-15 шақырымды еркін жүгіріп өтемін. 

Мемлекеттік қызметші Жеңіс саябағына күн ара келіп ондаған шақырымды артқа тастайды. Ол «100 шақырым плюс» челленджі арқылы өзінің төзімділігін бағамдап көрмек. 

Ерлан Латыпов, «100 шақырым+» челленджіне қатысушы:

– Екі айдың ішінде 3-4 шақырымдай жүгіремін деген ой болған. Бірақ небәрі екі аптада 100 шақырымды бағындырдым. Мысалы кеше жүгіріп өткенімді қосқанда барлығы 110 шақырымнан асып кетті. Ендігі мақсат – 200 шақырымды еңсеру.

Жітіқарада жеңіл атлетиканың даму қарқыны жоғары. Мұнда желаяқтар клубы және 50-ге жуық баланы қамтитын мамандандырылған мектеп бар.

Николай Климов, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы:

– Әр баланың ағзасы әрқалай. Біреуі төзімді боп келеді, екіншісі жылдамдыққа жүгіреді. Солардың арасынан ең мықтыларын таңдап, жарыстарға жібереміз. Бізге маңыздысы денсаулық қой.   

Аудан бойынша халықтың 30 проценті бұқаралық спорт түрлеріне жұмылдырылған. Бұл шамамен 35 мың адам. Спортты серік еткендер үшін соңғы жылдары кешендер мен алаңдар тұрғызылып келеді. 

Азамат Жұмағұлов, Жітіқара ауданы спорт бөлімінің басшысы:

– Саламатты өмір салтын ұстанушылар бізде жеткілікті. Жазда футбол, ал қыста хоккей ойнап, коньки тебетін кортты биыл қолданысқа бердік. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені жанынан кәсіби тренажерлар орнаттық.

Жеңіл атлетшілер үшін Жеңіс саябағында ұзындығы мың екі жүз метрге жететін жолақ салынған. Тұрғындар күнделікті осы жерде ең қолжетімді спорт түрі – жеңіл атлетикамен айналысу мүмкіндігіне ие. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров