Электр қуатын тұтыну көлемі биыл күрт өскен – министрлік

Елімізде электр қуатын өндіру көлемінен тұтыну мөлшері көп. Желілердің жартысынан астамы әбден тозған. Салдарынан бірқатар өңірде энергия тапшылығы байқалады. Бұған саладағы сарапшылар не дейді? Мәселе қалай шешіліп жатыр?

Биыл елде электр қуатын өндіру көлемі 83,6 млрд кВт-сағатты құрады. Өткен жылғы көрсеткіштен 7,7 процентке көп. Тұтыну көлемі де 7 процентке өсіп, шамамен 83 млрд киловат-сағатқа жетті. Мәселен, былтыр энергияны пайдалану мөлшері небәрі 1,5 процентке және 2019 жылы 1,6 процентке өскен еді. Республика бойынша тек Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында артық электр қуаты өндіріледі. Қалған өңірлерде тапшылық байқалады. Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақмола, Түркістан және Алматы облыстарында өндіруден тұтыну көп.

Марат Қошымбаев, энергетика жөніндегі сарапшы:

– Өкінішке қарай, тәуелсіз ел болғалы біз бір де бір ірі электрстанция салған жоқпыз. Шағын стансалар ғана бар. Мысалы, қуаттылығы 300 мегаватт болатын Мойнақ су электростанциясын айтсақ болады. Бірақ ол жобалық қуаттылық деңгейіне толық шыға қойған жоқ. 5, 10, 20 мегаваттық кіші станциялар Талдықорған қаласында да болды. Елорда іргесінде Ерейментауда жел диірмендері бар. Қуаттылығы қазір 45 мегаватт. Алдағы уақытта 100 мегаваттқа дейін күшейту көзделген. Қапшағай қаласының маңында күн көзінен қуат алатын панельдер салынды. Бірақ қарқын аз.

Электр желілерін 2021-2022 жылдың күзгі және қысқы маусымдарына дайындау үшін 614 нысанды жөндеу жоспарланған. Оған жалпы құны 1,63 млрд тг жұмсалады. Қазіргі таңда 500-ден астам нысан жөнделді. Бұл жылдық жоспардың 83 процентке орындалғанын көрсетсе керек. 2014 жылдан бастап елде 1975 МВт көлемінде энергия генерациясының жиынтық қуаты бар 126 нысан пайдалануға берілді. 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Президент тапсырмасы бойынша елде «2035 жылға дейін Қазақстан Республикасының энергетикалық балансы туралы» жоба әзірленіп жатыр. Қараша айының соңына дейін толық дайын болады.

Жалпы, Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сай 2030 жылға дейінгі межелер нақтыланды. Олар:

– жаңғырмалы қуат көздері үлесін 15 процентке арттыру

– газды генерациялау үлесін 15-25 процентке ұлғайту

– парниктік газ қалдығы көлемін 15 процентке қысқарту

– баламалы қуат көздері үлесін 30 процентке жеткізу.

Жаңартылатын энергия көздерінен алынатын электр энергиясының 41%-ы қазір күн электр станцияларының үлесіне тиесілі. 35%-ы жел және шамамен 24% шағын су электр станцияларында өндіріледі.

Мұрат Жөребеков, ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары:

– Соңғы уақытта электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын шамамен 1-2 процентке өсіп келген еді. Күрт өсім биыл ғана байқалды. Белгілі бір шектеу қоймасақ, алдағы уақытта жағдайдың ушығып кетуі мүмкін. Электр энергиясы қуатының ауытқуы бұрын да болған, алда да бола береді. Бұл проблема, әсіресе, жылыту маусымында өзекті. Өйткені газдың табиғи немесе сұйытылған түрін пайдаланбайтын тұтынушылар электр қуатын қолданатыны түсінікті.

Баға саясатына келсек. Кейінгі 9 ай қорытындысы бойынша тариф былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,2 процентке өскен. Өткен жылғы өсім 3,2 процент болса, 2019 жылғы электр құны керісінше 6,8 процентке түскен еді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев, Асхат Қарақойшиев