Елімізде Отбасы банкі арқылы 81 мың жанұя үйлі болды

Отбасы банкі биыл 81 мың жанұяның баспаналы болуына көмектесті, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28 мыңға көп. Мұндай өсімге тұрғындардың зейнетақы жинақтарын пайдалануы септігін тигізген. Қаржы институтының мәліметінше, жыл басынан бері 412 мыңнан астам адам шекті сомадан асатын қаражатын үй алуға, ипотеканы өтеуге және емделуге жұмсаған.16 желтоқсанда қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін Отбасы банкіндегі депозиттеріне аударуға мүмкіндік алды. Осы 14 күннің ішінде 21 мың адам Отбасы банкіндегі депозиттеріне 35,6 млрд теңге салған. Жалпы өткен жылдан бері депозит ашып, қаржы жинаған отандастарымыздың қатары күрт артып, салым сомасы 902 миллиард теңгеге жеткен.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы:

– Біз 2021 жылды жақсы нәтижемен қорытындылап жатырмыз. 587 мың адам жаңадан депозит ашты. Әрбір оныншы депозит балаға ашылғаны қуантады. Яғни кәмелетке толмағандарға да депозит ашуға болады. Осы бір жылдың ішінде 81 мың отбасы банктің әртүрлі бағдарламалары арқылы қоныс тойын тойлады. Жалпы биыл 1 триллион теңгеден астам сомаға несие рәсімделді.

Биыл Отбасы банкі үшін цифрлық жыл болды. Қаңтарда enpf.otbasy порталы іске қосылып, 435 мың адам біржолғы зейнетақы төлемдерінен жалпы сомасы 1 триллион 919 миллиард теңгені қажетіне жаратты. Бұған қоса клиенттер үшін видеобанкинг және маркетплейс қосымшасы арқылы онлайн қызмет көрсетілуде.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы:

– Қызметкерлердің саны артпастан, көп қызмет онлайн атқарылды. Тіпті үйді сатып алу, кепілді тіркеу үшін құжаттарды рәсімдеуге арналған Blockchain технологиялары қолданылды. Оның көмегімен қызмет көрсету уақыты үш күннен бір күнге дейін қысқарды. Келесі жылы онлайн қызметтің мүмкіндігі арта түседі.

Зейнетақы қорындағы ақшаларын емделу үшін алғандар да аз емес. Бір жылда 82 мыңға жуық адам 83 миллиард теңгені медициналық қызметке жаратқан. Олардың көбі тіс емдетіп, көзіне операция жасатқан. Бірқатар адам шетелде емделіп қайтқан. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов