Ерекше балаларға ерекше күтім жасап жүрміз бе?

Мүмкіндігі шектеулі балаларды барынша спортқа тарту қажет. Құзырлы министрлік осы мәселені қолға алып, оны шешуге білек сыбана кірісті. Өйткені, елімізде ерекше күтімді қажет ететін 175 мыңға жуық бала бар. Оның 11 проценті ғана залдарда шынығады. Қалғандарына қайтпек керек? Қандай мүмкіндік бар? 

10 жастағы Нұрислам аяғын тең баса алмайды. Бірер жыл бұрын омыртқасынан ақау табылып, дәрігерлер қорқынышты диагноз қойды. Тіпті, уақыт өте ол ушыға түсу де мүмкін екенін ескертті. Осыны болдырмау мақсатында ата-анасы оны жүзуге әкеле бастады және, міне, қысқа аралықта денсаулығы жақсарып, аяқтарының айырмашылығы азайған.

Гүлвира Бірмағамбетова, жергілікті тұрғын:

– Балам денсаулығына байланысты басқа спорт түрімен айналыса алмайды. Бірер жыл бұрын жүзуден тегін негіздегі секция барын естідік. Бірден осы олимпиадалық даярлау орталығымен келісімге отырып, тұрақты шынығып жүрміз. Енді, міне, жуырда ғана ортопед дәрігерде болып, жағдайдың оңалғанын байқадық. Өте қуаныштымын.

Нұрисламнан бөлек бұнда әртүрлі диагноз қойылған ондаған бала бар. Олар бассейнде аптасына 2 мәрте шынығады. Арнайы бапкерлер жұмысқа тартылды. Бұған қоса, әлемдік аламандарда топ жарып жүрген парлимпиашаларды  да шақырып, шеберлік сағаттарын өткізіп тұрады.

Сиязбек Дәлиев, паражүзуден ұлттық құрама мүшесі:

– Бұндай шақыртуларды қуана қабылдаймын. Өйткені мен бүкіл тәжірибемді бөліскім келеді.  Бұнда кішкентай мүгедектігі бар балалар дайындалады, спортпен шұғылданады. Тегін. Мен соны көріп жүрмін. Бапкерлер бар. Әдейі даряланған. Соларға бүкіл жағдай жасалғаны көрініп тұр.

Негізі бұл балардың жолы болды. Ал еліміз бойынша осындай ерекше күтімді қажет ететін 175 мыңға жуық бүлдіршін тіркелген. Оларды спортқа жарайды не жарамайды деп бөлуге болмайды. Егер тиісті әдістеме қолданылса және дәл осылай спорттық кешендер әлеуметтік әріптестікке дайын болса, жағдай түзелер еді дейді мамандар.

Нұргүл Ұлжекова, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры:

– Бұл бастама 2017 жылы қолға алынды. Алғашқыда елордадағы балаларға көмектестік. Қазір еліміздің әр аймағынан орталықтар ашып, қызмет аясын кеңейтіп жатырмыз. Осы тұрғыда мемлекеттік болсын, жеке болсын, спортық нысандар қол ұшын созса дейміз. Өйткені бұл балаларды қоғамға беймдеу керек.

Айтпақшы, былтыр спорттық секцияларға жан басына қаржыландыруды көздейтін мемлекеттік тапсырыс енгізілді. Қарайым тілмен айтқанда, кез-келген бала жаны қалаған спортпен тегін шұғылдана алады. Ал оның шығынын мемлекет жабады. Аталған жобада мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше көңіл бөлінді. Осы арқылы оларды жаппай спортқа тартып, ұлт саулығын қалыптасыруға үлес қосқымыз келеді дейді жауапты мамандар.

Аслан Қаженов, Аят Дүйсенбаев