Қостанайда жағалау бақылауға алынады

Қостанайда өрттен зардап шеккендерге көмек арнайы қор арқылы жасалады. Ақша жинап, жәрдем беруге ниетті жандар бар. Әзірге республикалық деңгейдегі «Қазақстан халқына» қорына жүгінуге негіз жоқ - дейді қала әкімі. Он екі үйдің толық жанып кетуіне себеп болған алапат өрт қайталанбас үшін енді Тобыл өзенінің жағалауы ұдайы қадағалауға алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиектегі қалың қамысты шауып, жағалау мен тұрғын үйлер арасындағы жерді жырту жоспары  бар. Қостанай қаласы Тобыл бойымен жиырма шақырымдай шектеседі. Кей жағалауда қурап қалған ағаштар бау-бақша мен үйлерге жақын тұр. Үш күн бұрын болған өрттің неден тұтанғаны белгісіз. Жоғары вольтті желідегі ұшқын қураған шөпке түскен немесе адамдар от тұтатқан болуы мүмкін деген болжам айтады мамандар.

Марат Жүндібаев, қала әкімі:

Кінәні біреулерге арта салған дұрыс емес. Әуелі өзен жағалауын бақылауды ұстайтын мекемені тағайындағанымыз маңызды. Мүмкін қамыстардың көзін жоюға қыруар қаржы қажет болар. Өрттен жойылған мүліктің шығынын тәуелсіз сарапшылар анықтап жатыр. Жақын арада оның қорытындысы шығарылады.