Алпамыста ауыл тұрғындары арықтан су ішіп отыр – Түркістан облысы

Қасиетті Түркістан өңіріндегі Ақжол мен Қауыншы ауылдары ауыз суды арықтан алады. Жергілікті билік ұңғыма қазып, су тартуға екі рет қарекет қылғанмен екеуі де аяқсыз қалыпты. Сөйтіп ауылдағы ағайынның күні Өзбекстан тұсынан ағып келетін осы суға қарап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол мен Қауыншы елді мекенінің тұрғындарын тіршілік нәрі әбден титықтатқан. Ауыз судан тарыққан жұрт Ашынау каналынан су ішіп, егін даласын суғарып отырғанын айтады. Шамасы жеткендер 10 шақырымды артқа тастап, көрші ауылдардан тасымалдап күнелтіп отыр. Сорақысы сол ауыз су тартуға тағайындалған мердігердің тірлігі ортаң белден тоқтап қалған.

Баян Алтынбекова, ауыл тұрғыны:

Уәде бойынша 2021 жылдың желтоқсанында өткізуі керек еді. Әлі тұр, міне. Желтоқсаны құрсын 2022 жыл болды. Мамыр айы болды, әлі жоқ. Уәдені береді, береді бәрі өтірік. Сенбейміз біз. 5 жылдан бері сусыз қураған бүкіл халқымыз, еліміз көшеміз деп отыр. 

Ауылға ұңғыма қазу жұмыстары өткен жылы басталған. Қазіргі уақытта бюджеттен қаралған 800 миллион теңгенің тең жартысы игеріліпті. Алайда жер астындағы су қоры жеткілікті мөлшерде болмай шықты. Сондықтан құрылыс жұмыстары тоқтап, үйді-үйге тартылған су жүйесі ашық жатыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

Тұрғындар ауылға тартылған ауыз су жүйесінің кәріз құдықтары адам өміріне қауіп төндіріп тұр, дейді. Өйткені құрылыс жұмыстары ортаң белден тоқтағандықтан қақпақсыз қалған құдық көп. Енді үлкендердің шалағайлығынан бүлдіршіндер майып бола ма деп алаңдап отыр.

Келес аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі құрылыс монтаждау жұмыстарын тоқтатуға өздері тапсырма беріпті. Себебі сметалық құжатқа толықтырулар енгізілу керек, дейді. Ал ашық жатқан кәріз құдығын жаптыру үшін ескерту берген.

Бақытжан Шырынбеков, Келес аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Қазіргі таңда әлі жер асты зерделеу жұмыстары толық анықтаған жоқ. Қай тереңдікте екенін. Берілген ақауларды қалпына келтіру бойынша ешқандай жұмыс атқарылмаған жағдайда азаматтық іс арқылы сотқа талап-арызбен тапсырыс беруші мекеме ауданның ТҮКШ мекемесі жүгінеді.

Таңдайы кепкен тұрғындар 2008 жылы да бұрғылау жұмыстары жүріп, су ұңғымасы салынғанын айтады. Алайда баянсыз қалған бастама халықтың бар үмітін өшіріпті. Ендігі тұралаған тірлік соның кебін кимесе екен, дейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов