Биыл Оралда 48 нәресте шетінеп кетті

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 48 нәресте шетінеп кеткен. Қайғылы оқиғаларға туа біткен және жұқпалы аурулар, сонымен қатар медициналық қызмет сапасы да себеп болып жатыр.

- Ребенок был здоров, он просто задохнулся.

Мағжан Түймәлиев тұңғыш баласының дүниеге келгенін асыға күтті. Жұбайын бірден жеке емханаға тіркеп, ақылы медициналық қызметке жүгінген. Олар осы әдіс арқылы жүктілік мерзімі уайымсыз өтеріне сенген. Алайда әйел босанғаннан кейін шақалақ бір тәулікке жетпей шетінеп кеткен. Ерлі-зайыптылар бұл жағдайдың дәрігерлердің салғырттығынан болғанын айтып отыр.

Мағжан Түймәлиев, қала тұрғыны:

- Алғашында туа біткен жүрек ауруы және өкпенің қабынуы деген диагноз қойылды. Алайда сараптама нәтижесі мұны жоққа шығарды. Ауруханаға түнгі сағат бірде келдік. Таңға дейін жіті бақылау болмады. Толғақ кезінде шақалақ тұншыққан. Салдарынан денсаулығына ақау келді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері нәрестені аман алып қалу мүмкіндігі болғанын жасырмады.

Айнаш Ғұбайдуллина, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Ата-анасы келді ол жағдай бойынша. Есімде, иә. Асфексиядан шетінеген бала. Босану кезіндегі баланың оттегі жетіспей тұншығуы. Бұл жағынан енді негізгі сапасы дейді ғой қызметтің, оны қазір комитет контроля тексеріп жатыр. Бізге анықтама бергенде тек ғана ұйымдастыру жағынан қателіктерге жол берілгені жөнінде берді. Сол жөнінде нақты бар. Ал халатное отношение деген ондай нақты тұжырымдама келіп әлі түскен жоқ. Әлі расследование жүріп жатыр.  Көмек көрсетіп, алдын алуға болатын жағдай. 

Биыл өңірде 48 сәби шетінеп кеткен. Мамандар қайғылы жағдайлардың 56%-і әйелдердің денсаулығына байланысты екенін алға тартты. Екінші күрделі мәселе – акушер-гинекологтар мен анестезиолог-реаниматологтар жетіспейді.

Айнаш Ғұбайдуллина, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- (Облыстық) перинаталды орталыққа бүгінгі күні 11 акушер-гинеколог жетіспейді. 3 анестезиолог-реаниматолог жетіспейді. Сонымен қатар қалалық ауруханаға 2 анестезиолог-реаниматолог жетіспейді, 4 акушер-гинеколог жетіспейді.

Нәресте өлімінің көрсеткіші өткен жылы 7,7 промиллені көрсеткен болса, биылғы жылы 12,2 промиллені көрсетті. Әйел адамдардың жүктілікке дейінгі сауықтырылмаған, емделмеген инфекциялық аурулары жүкті әйелдердің басым көпшілігі коронавирустық жұқпамен ауырып, соның ақырынан болған жағдайлар. 

Аймаққа іссапармен келген денсаулық сақтау министрі жұртшылықпен кездесуде саладағы мәселелерді шешу жолдарын тізбектеді. Шақалақтардың жетілуін бақылау бағытында қосымша оңалту орталықтары ашылмақ.

«Ал жас мамандарды тарту үшін әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі», - дейді елдің Бас дәрігері.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Шала туған балаларды күту, әлденіп кеткенге дейін сондай орталықтар ашылып жатыр. Сіздердің әкімшілік тарапынан бұл орталықтарды ашатын ғимарат немесе сол ғимараттардың ішінен кабинеттер берілуі керек. Әрі қарай кадрларды оқыту, құрал-жабдықпен жабдықтау – министрлік пен сол қормен бірге барлығын жабдықтайтын боламыз. Кадр мәселесіне келетін болсақ, 2 мыңнан астам түлектің БҚО-ға 69 жас маманы бөлінді. Оның ішінде кардиологтар да бар, реаниматологтар да бар, отбасы дәрігерлері де бар. Келесі жылдан бастап дәрігерлердің грантын көбейтіп отырмыз екі есеге.

Бұрын жүкті әйелдер 12 апта ішінде есепке тұруы тиіс еді. Енді міндетті тіркелу мерзімі 10 аптаға дейін қысқарған. Салада техникалық базаны да жаңғыртуды талап етеді. Мамандар биыл жаңа рентген аппараты мен ультрадыбыстық зерттеу жабдықтары сатып алынатынын жеткізді. Тұрғындар медициналық қызмет сапасы дәрігерлердің жауапкершілігімен тікелей байланысты екенін айтады. Сондықтан алдымен салғырттықпен күресуді талап етіп отыр. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов