Елімізде мигранттар мәселесі өткір

Қара базарларымыз - қытай мен қырғыз, құрылысымыз -  өзбек, көшелеріміздің бойы - қайыр сұраған тәжікке толды. Көршілес елдерден келімсектер қаптады. Нәпақа айырып, жайлы жұмыс, тәтті тұрмыс іздеп келгендер жүріп-тұруға рұқсат алу үшін ХҚКО табалдырығын тоздырып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шекарадан өткен шетелдіктердің қайтадан шығуы қиын екеніне көз жеткіздік.  Бірер күн бұрын Атыраудың орталығында мыңға жуық Өзбекстан азаматының шу шығарғанын естіп едік.

Туркеш Сапаров, Өзбекстан азаматы:

- Өзбекстан азаматымын. Мен мына құжатты 25 мамырда тапсырғанмын. Содан мына жұмысқа рұқсат беру туралы құжатты алдым сегізінде, келген күні. 9-ы пропискіге  тапсырғанмын. 10-ы күні келсем, қайтадан Гос органда дейді.15-і күні Гос органға бардым. Олар ЦОНға барасың - деді. Ондағылар мені қайтадан Гос органға жіберді. 15-і күні ІІМ-ге бардым. Ол жердегілер айтты шешіп береміз - деді , әлі шешіп берген жоқ. Әлі шешкен жоқ. Кеше де барғам ІІМ-ге. Ол да айтты: ертең шешіледі, тіркеуде болады деді. Бүгін келдім, тағы да маған айтады құжатты қайтадан тапсырасың деп. Мен тапсыра алмаймын ғой қайта-қайта. Мен 25-інде шығып кетуім керек Қазақстаннан. 9 күн ғана қалды. 9 күннен кейін менікі мерзімі өтеді болады. Сол мәселені әлі шешіп бере алмай жатыр.

Талаптары - Қазақстанда уақытша жұмыс істеуге рұқсат алу. Өйткені олар үшін Ресей Федерациясымен шекара жабық. Елордада, дәл осы жағдай қайталанды. Келімсектер біздің елде емін-еркін жүруге бір жапырақ қағаз алу үшін телміріп отырмыз деп ашуға мінді. Тиісті мемлекеттік органдар мәселенің жай-жапсарын түсіндіруге тырысты.

Мәди Әлжан, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті басқармасының басшысы:

- Жыл сайын шетелдік жұмыс күшіне квота бөлінеді. Заңды тұлғалар үшін биыл шамамен 23 500 квота қарастырылды. Ал білікті мамандар үшін 833 адамға елге келуге рұқсат берілді. Негізінен шетелдік жұмысшылар құрылыс саласына тартылады. Қазір келімсектердің қаптауы маусымдық уақытта ғана деп айтуға негіз бар. Біздің мемлекеттік мекемелер өз жұмыстарына мығым. Сәл күтсе, барлығының мәселесі шешіледі.

Көршілес елдерден қаптап кеп жатқандардың «көшін» тоқтататындай арнайы операция жүріп жатқан жоқ дейді жауаптылар. Соңғы кездері заңсыз келген келімсектердің мәселесін май шаммен қарауға көшіпті бізде. Себебі шекарамызға заңсыз кіретіндер көп. Салық төлемей тайраңдап жүргені тағы бар. Ал ХҚКО  алдындағы соңғы жағдайлар Өзбекстан азаматтары төлқұжаттарын жаңартқан кезде, олар қайтадан уақытша жұмыс істеуге рұқсат алулары керек. Осыған байланысты орталықта таңертеңнен кешке дейін кезек болады. Себебі заң барлығына бірдей қарайды. Бөліп-жаратыны жоқ.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Ырыстанбек Оспанов