Қостанайда жер дауынан инвестициялық жоба тұралады

Қостанайдың шет жағындағы мынау ет өңдеу комбинаты осыдан үш-төрт ай бұрын іске қосылған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған бөлінген жер ауқымы – 11 гектар. Ал жобаның екінші кезеңінде 14 гектар жерге малдың қаны, сүйек, ішек қарын тәрізді қалдықтарынан үй жануарларына арналған азық әзірлейтін зауыт салынуы тиіс еді. Бірақ қалалық әкімдік тарапынан келісім-шарт біржақты бұзылғандықтан құрылыс тоқтап тұр.

Николай Бочанов, ет өңдеу комбинаты директорының орынбасары: 

- Біз өзіміздің ғана емес, облыстағы басқа да кәсіпорындардың, мың шақырым радиустағы өзге аймақтардағы комбинаттардың да қалдықтарын өңдейміз. Бұл сойылған малдың бар мүшесін қоқысқа лақтырып ысыраптамай кәдеге жаратуға мүмкіндік береді. Осындай экономикалық, экологиялық маңызы зор  жобаның жолында әкімшілік кедергі шығып тұрғаны қынжылтады.

Әкімдіктегілер зауыт құрылысына берілген жер телімін қайтарып алмақ. Мұндай қадамға баруына инвестормен екіарада жасалған келісімнің шикілігі себеп болыпты.  Алғашқы 11 гектар жер инвестициялық жобаға арналған деп көрсетілген.  Ал кейінгі келісім-шартта олай нақтыланбаған. Сондықтан оны аукционсыз бере салуға болмайды екен.

Қуаныш Накитов, қалалық Прокуратураның бөлім басшысы: 

- Ол телім кәсіпкерлерді қолдау картасына енбеген. Яғни, инвестициялық жобаға арналғаны көрсетілмепті. Солай бола тұра аукционсыз беріліп тұр. Бұл заңға қайшы.

Бұл жерде қалалық әкімдіктегілер де қауқарсыздық танытып отыр.

Диана Бикетова, қала әкімдігі Жер қатынастары бөлімінің маманы:

- Екінші телімді инвестициялық жобалар тізіміне енгізу үшін облыс әкімінің қаулысын өзгерту қажет. Менің ойымша бұл түйткілдің жалғыз шешімі осы.  

Алдымен жерді пайдалану мақсаты анықталуы қажет. Сосын барып қана, инвестор жерге иелік етіп, мал қалдықтарын өңдейтін өңірде бірегей зауыттың құрылысын бастай алады.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг