«Кенесары-220» велошеруі өз мәресіне жетті

«Хабар» агенттігінің журналисі Ернат Мелсұлының «Кенесары-220» велошеруі өз мәресіне жетті.

Ол 220 шақырымды 10 сағатта сәтті бағындырды. Бұл талантты тілші, әуесқой спортшының қазақтың соңғы ханын идеологиялық тұрғыда насихаттауға қосқан үлесі. Әуесқой велошабандоз бұл жобасын бүгін таңғы төрт жарымда ел астанасының Есіл өзені жағасындағы Кенесары хан ескерткішінен бастаған. Кейін сапары Астана – Қарағанды тас жолымен жалғасты. Қарағандыда оны жас спортшылар мен өнерін бағалайтын аға буын күтіп алды. Негізі Ернат күзге қарай Парижді бағындырмақ болған. Алайда құжат рәсімдеуде бірқатар қиындыққа тап болыпты. Енді Әзербайжан, Грузия арқылы Түркияға баруға ниеттеніп отыр.

Ернат Мелсұлы, әуесқой спортшы:

- Бұл кісінің өмірі мен қызметі тек елге қызмет ету, жерді қорғау болған ғой, бітті басқа шаруасы болмаған. Енді осындай адамдарды мемлекет насихаттамағанда кім насихаттайды мысалы? Ертең уақыты өтіп кетеді ғой. Кенесары деген кім ол – Кенесары деген рух ол. Рух дегеніңіз идеология. Бізде ол кемшін. Біз жеке адамдарды насихаттап жүрміз да Кенесары ханды, бұны негізі мемлекет пен билік насихаттауы керек.