Павлодарға 800-ден астам қандасымыз қоныс аудармақ

Олардың 600-ге жуығы Түркіменстаннан көшіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде көштің алғашқы легі Ақсу ауылдық аймағына қоныс аударып үлгерді. Сүйіқұловтар отбасы Ақсу қаласына Түркіменстаннан аман-есен келіп жетті. Ескендірхан ата туған топыраққа жетуді 30 жыл бойы армандағанын жасырмады.

Ескендірхан Сүйіқұлов, қоныс аударушы:

Енді өзіміз де қартайдық. 67 жасқа келдік. Содан атажұртқа деп қайттық. Жақсы қарсы алды. Үй-жай беріп жатыр. Көмек беріп жатыр ғой. Арманым енді Қазақстанда жұмыс берсе, істеймін. Бала-шағам оқиды. Немерелерім бар. Білім алсын өз қазақ тілінде. Бір балам Атырауда қалды, ол да келеді, қызым да келді.

Алдағы уақытта ақсақалдың туысқандары да көшіп келеді. Пилоттық көші-қон бағдарламасы шеңберінде қандастар тұрғын үймен қамтылады. Жұмысқа орналасу бойынша да қолдау көрсетілмек. Сонымен қатар отбасына орташа есеппен бір миллион теңге шамасында субсидия беріледі.

Орынгүл Отағанова, қоныс аударушы:

Қуанышты сезімде бодым. Құдайға шүкір еліме жеттім. Еліме келгеніме, қауышқаныма қуаныштымын. Елімізге барайық, елге қосылайық, балаларымыз істесін, көрсін деп қайттық тілегімізбенен.

Бүгінгі таңда Ақсу өңіріне үш отбасы қоныстанды. Олардың қатарында Тұрар Сүйіқұловтар да бар. Алдағы уақытта Тұрар мен келіншегі Үштерек ауылындағы шаруа қожалығына жұмысқа тұрады. Жұмыс беруші уақытша баспана беруге уәде етіп отыр.

Аршат Халықов, Үштерек ауылының әкімі:

– Сіздерге осы жерден жұмыс ұсынылады. Жұбайыңызға аспазшы, өзіңізге электрдәнекерлеуші жұмысы ұсынылатын болады. Ауылдан үй беріледі сіздерге. Мекеменің өз қызметтік үйлері бар. сол үйлерді көрсетеміз. Сосын мемлекет тарапынан берілетін үйді көрсетеміз. Балаларыңызды мектепке орналастырамыз. Мектеп жанында шағын орталық бар.

Жалпы көші-қон бағдарламасы аясында Ақсу қаласына 1500-ге жуық азамат қоныс аударған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков