Алматыда ардагер шекарашылар марапатталды

Биыл Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл. Осыған орай бүгін ел іргесінің бүтін болуын қамтамасыз еткен шекара қызметінің ардагерлері мерейтойлық медальмен марапатталды.

Олардың арасында тәжік-ауған шекарасындағы бітімгерлік операцияға қатысқан сарбаздар да бар. Ел тарихы үшін елеулі күні әскерилердің ауыр қызметін көзбен көріп, көрерменге жеткізіп жүрген ақпарат саласының өкілдері де ескерусіз қалмады. Хабар агенттігінің тілшісі Григорий Беденко және операторлары Қайрат Атакелдиев пен Еділ Ермекбаев та медаль тақты. Біздің тілшілер 1995-2001 жылдар аралығында таулы аймақтан жаңалық таратқан. 1991 жылы басталған тәжік-ауған шиеленісі араға он жыл салып тынышталған еді. Бүгін мерекелік шараған жиналғандар арнайы концертті тамашалап, сол жылдары бастан кешкен оқиғаларды еске алды. 

Мұратбек Серікбаев, шекара қызметінің ардагері:

- Шекара бойында егілген наркотиктік өсімдіктер, қара сора дейді ғой. Соны ұстау болды. Оның мысалы, құмның ішінде жүздеген шақырым құмның ішінен бір учаскені табу өте ауыр нәрсе. Жауапкершілік деген сөздің өзі негізі әрбір шекарашының мойынына артылған талап қой. Бұл талабымыз сол учаскеге жауап беру, қырағы болу, ешкімді өткізбеу.