Димаштың жанкүйерлері Ақтөбеге келді

Еліміздің мақтанышына айналған Димаш Құдайбергеннің шетелдік жанкүйерлері оның туған өлкесі Ақтөбеге келді. Олар бүгін атақты әнші білім алған Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде болып, оқу орнының ұжымымен кездесті. Ұстаздармен пікір алмасып, шәкірттердің өнерін тамашалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талай музыка майталмандарын даярлаған колледж тарихы шетелдік меймандарды таң қалдырды. Келушілер Димаштың ұстазы, белгілі әнші, компазитор Марат Әйтімовпен де сұхбат құрды. 7 елден келген онға жуық турист бұдан бөлек, Димаш оқыған №32 мектеп-гимназиясы мен қаланың өзге де орындарында болмақ.

Айта кетейік, соңғы бір аптадан бері «Димаш-тур» желісі аясында елімізге 40-тан астам мемлекеттен әншінің шығармашылығына ғашық азаматтар келген. Қазір Ақтөбеден өзге, Шымкент, Тараз қалаларында жүр. Кейін барлығы да 23 қыркүйек күні Алматыда өтетін Димаштың концертіне бармақ. 

Дэнис Джонс, турист:

Ұмытпасам осыдан бес жыл бұрын Димаштың орындауындағы «Адажио» әнін естіген ем. Сонда таң қалып, «өзі жас, бірақ дауысы сондай керемет» деген ойға қалдым. Содан бері әншінің шығармасын қалт жіберген жоқпын. АҚШ-тағы концертінде де болдым.