Павлодардың аялдамалары кішігірім музейге айналды

Енді қала тұрғындары қоғамдық көлік күтіп тұрғанда тарихи тұлғалардың өмірімен таныса алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Танымдық аялдамалар «Тұлғалар тағылымы» жобасы шеңберінде пайда болған. Онда елімізге танымал ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен алаш ардақтыларының өмірбаяндары, шығармашылығы мен ерлігі жайында, тарихи деректер екі тілде жазылған. Жалпы алғанда 19 тұлғаның өмірбаяны жайлы ерекше дизайнмен жасалған ақпараттар қаланың 40-қа жуық аялдамасына жапсырылып жатыр. Жоба авторлары бұл бір жағынан танымал тұлғаларды қала тұрғындарына насихаттау болса, екіншіден, осы жақында ғана есімдері көшелерге берілген адамдардың кім екенін елге таныстыру дейді.

Медет Тауасқан, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, архив істері  басқармасы басшысының м.а.:

– Бұл жердегі ең керемет дүние – кез келген тұрғын аялдамада автобусты күте тұра осы елге, осы далаға қызмет еткен, осы дала үшін өздерінің барын салған азаматтарды тани түседі.