Павлодарда әлеуметтік тұрғын үй құрылысында кедергі көп

Павлодарда әлеуметтік тұрғын үй құрылысы кешеуілдеп жатыр. Кезекте тұрған мүгедектігі бар жандар, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарды баспанамен қамту жобасын жеке инвестор қолға алған еді. Жергілікті билік өкілдерінің салғырттығынан құрылыс тоқтап қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғын үй салуға тапсырыс берген «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы келісімшартқа әлі қол қоймаған. Олар қандай да бір түсінік беруден де бас тартты. Бұл үйдің құрылысы өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Жеке инвестор қаржы бөліп, шығынды өзі көтеретін болды. Ал мемлекет тарапынан жер бөлініп, инженерлік желілер тартылуы тиіс еді. Бүгінде әлеуметтік пәтердің бір шаршы метрі 200 мың теңге тұрады. Бұл нарықтағы бағадан 1,5 есе арзан. Бірақ тапсырыс беруші асығар емес. Салдарынан кезекте тұрғандар пәтер ала алмай отыр.

Артур Шпейзер, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:

– Тапсырыс беруші орындалған жұмыстар жөніндегі актіге қол қойған жоқ. Ал жұмыс қызу. Бірнеше қабатты көтеріп қойдық. Жұмыстардың тең жартысы орындалды. Нысанды жобалау мен инженерлік желілерді тартуға қатысты да проблема көп. Мәселе шешілмесе, үйді қолданысқа беру мерзімі кешіктіріледі.

Бұл жерде 12 қабатты үй салынып жатыр. Пәтер кезегінде жылдар бойы тұрғандардың қатарында Игорь Шиллер бар. 33 жастағы азамат сал ауруына шалдыққан. Мүмкіндігі шектеулі жан пәтерлі болуды армандайды.

Ирина Тургенева, оңалту орталығының өкілі:

Игорь өмірді сүйеді. Белсенді азамат. Кезінде би үйірмелеріне қатысқан. Бүгінде оңалту орталығында жұмыс істейді. Өте жауапты. Баспана кезегін күтіп, өз баспанасының қожайыны болсам дейді.

Жеке инвестор мен шенеуніктер арасындағы келісімшарт 10 ай бұрын жасалауы тиіс еді. Тапсырыс беруші тарап, яғни, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпрациясының өкілдері түсінік беруден бас тартты. Мамандар серіктестер арасындағы құпия ақпарат бар деп қысқа қайырды. Жеке инвестицияларды қайтару механизмі туралы да мардымды жауап жоқ.

Вячеслав Шестаков, құрылыс компаниясының басшысы:

– Біз «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ресми хат жолдадық. Дұрыс түсінік берілсе дейміз. Біз және кезекте тұрған азаматтар негізгі себебін білгісі келеді. Неліктен кесілісшартқа қол қойылмай отыр? Кері байланыстың болмауынан әлеуметтік тұрғын үй құрылысы тоқтап қалудың аз-ақ алдында.

Жобаны жүзеге асыруға тұрғын үйге су және кәріз желілерін тартуға техникалық мүмкіндіктің жоқтығы кедергі болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, ол үшін сорғы станциясын модернизациялау керек. Мемлекеттік мекемелер шығындарды өтесе, сумен қамту компаниясы бұл жұмысты қолға алуға әзір.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат