Қызылордада «Анаға тағзым» орталығының кірпіші қаланды

Сыр еліне белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаев отбасы құндылығы кеңінен насихатталатын әлеуметтік нысан құрылысына бір жарым миллиард теңге бағыттап отыр.

Құрылыс барысын бағамдаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 30 жыл ішінде 12 миллиард теңге қаржыны өңір дамуына арнаған жомарт жанның ісі өзге кәсіпкерлерге үлгі екенін алға тартты. Бүгін сондай-ақ жедел жәрдем станциясының автопаркі 20 жаңа көлікпен толығып, 40 көпбалалы отбасына баспана кілттері табыс етілді.

Заманауи үлгідегі орталық өңір қыз-келіншектері мен жас отбасыларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жаңғыртуға мол мүмкіндік бермек. Шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа орталықтың Сыр елінде еңсе тіктеп, бойы көтеруінің үлкен символикалық мәні бар екенін тілге тиек етті.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен құны 3,5 млрд тг тұратын өнер орталығы құрылысын бастадық. Құны 1 млрд 600 млн тг тұратын неке сарайының құрылысын бастадық. Құны 2 млрд 900 млн тг тұратын қан орталығы құрылысын бастадық. 7 ай ішінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 9 млрд тг қаражат тартылды. Қазіргі тұрған ғимарат бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарымыздың құрметіне арналады.

Түрлі жағдайда адам жанын арашалау үшін алғашқы көмектің септігі мол. Сол себепті медциналық қызмет сапасын арттыру мақсатында жедел жәрдем станциясына жаңа 20 санитарлық көлік берілді.  

Ғалым Ағыбаев, жедел жәрдем қызметі станциясының жүргізушісі:

- Осы жедел жәрдемде 24 жыл болды жұмыс жасап жатқанымызға. Қазіргі шығып жатқан көліктер біздің жұмысымызға өте тиімді. Ішінде аппараттардың бәрі медицина қызметкерлеріне ыңғайлы.

Аймақ басшысы сонымен қатар 40 көпбалалы анаға жаңа баспана кілттерін табыс етті. 

Айгерім Нұраддинқызы, көп балалы ана:

- Біраз уақыттан бері үй кезегінде тұрып, бүгін қуанышты қоныс той болып жатыр. Қуаныштымыз, үй өте жылы, әдемі ұнады. 

Жалпы жыл аяғына дейін өңірде 683 мың шаршы метр тұрғын үйді ел игілігіне беру жоспарланған.

Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов