Он төрт баланың анасы өз кәсібін ашты

Көп балалы болсаң да қарап отырмай кәсіп бастауға болады.

Жетісу облысында тұратын 14 баланың анасы, талпынсаң табыс көзін табуға болатынын нақты іспен дәлелдеді. Өз мақсатына жету үшін ол  кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Бизнес-Бастау» бағдарламасымен білім алған. Сөйтіп, жобасын ұсыну арқылы бір млн теңгеден асатын грантты жеңіп алды. Айта кетейік, биыл өңірдегі 600-ден аса адамға осындай мемлекеттік қолдау көрсетілді. 

Гүлнәз Шәкенова Сарыөзекте алғаш болып кофені жылдам дайындайтын орталық ашты. Оған қажет құрылғы мен керек-жарақтарды мемлекеттен берілген қайтарымсыз қаражатқа сатып алған. Көпбалалы ана қолға алған кәсібін отбасылық табыс көзіне айналдырып отыр. 

Гүлнәз Шәкенова, көп балалы ана :

- Күйеуім доставкамен апарып береді. Мейрамдарда шашлык шығарамыз. Ұлым келеді, пісіріп сатады. Қыздарым келіп болысады. Көпшілік кезде. Жеті оқитын қызға дейін бір жағыма шығысып, бір жағына жасасып, оларға да ол еңбек. Бір жағынан балаға қызығушылық бір жағынан еңбекқор болады.

Бала-шағаның көмегімен кофе әзірлеу орталығы шағын дәмхана болды. Қазір онда құймақ, тоқаш, бәліш, бауырсақ басқа да тәтті тағамдар дайындалады. Сұранысқа қарай тапсырыс та қабылданады.  

Әсем Кенжебекова, Сарыөзек кентінің тұрғыны: 

- Бұндай жоқ болатын. Өзіміз жұмыста дайындап ішетінбіз. Қазір ыңғайлы. Жақын.

Кербұлақ ауданында қаржылай грант алуға биыл жетпіс адам өтініш берген. Солардың қырықтан астамы мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде кәсіпкер атанды.   

Салауат Біләлов, Кербұлақ аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маманы:

- Ендігі бесінші поток болған жағдайда 33 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант беріледі. Сонымен 73 адам грант алып, жүзге жуық жұмыс орыны ашылады.

Алдағы уақытта Жетісу облысында инновациялық идеяларды қолдауға арналған байқау өтеді. Оған 170 млн теңге бөлініп отыр. Қаражат тың бастаманы жүзеге асырғысы келетіндерге 5 млн теңгеге дейін бөліп беріледі. Көпбалалы отбасы енді сол жобаға қатысып, өз мүмкіндігін сынап көрмек.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев