Павлодар облысында сүт-тауарлы ферма ашылды

Тауарлы сүт фермасы небары сегіз айдың ішінде бой көтерді. Еуропадан «голштино-фриз» тұқымды сиырлар сатып алынды.

Шетелдік ірі қара жергілікті климатқа бейімделіп қалды. Мал азығын дайындау мақсатында 1630 гектар аумаққа суару жүйесі орнатылған.  Ол үшін ферма қожайыны Аграрлық несие корпорациясының «Агробизнес» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеді.

Арман Нұржанов, Agro Еrade PV ЖШС директорының Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі орынбасары:

- Сиырларға арналған жем-азықты өзіміз әзірлейміз. Сүрлем мен шөптің сапасы жоғары. Малымыз ақпан айында төлдей бастайды. Күзде ферма толық қуатына шығады. Шетелдік селекция мал басының басым бөлігі ұрғашы бұзау беруіне бағытталған. Яғни, малдың өнімділігі жақсы болады деген сөз.

Ферма заманауи құралдармен жабдықталған. Нысан толық қуатына көшкенде күніне 30 мың тонна сүт өндірілмек. Қазіргі уақытта фермада 30-ға жуық білікті маман қызмет етеді. Олар үшін қолайлы еңбек жағдайы жасалған. 

Ардақ Таңжарық, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры:

- Өңір шаруаларын қаржыландыру үшін облысымызда биыл 12,8 млрд теңге бөлінді. Ал, Аграрлық несие корпорация құрылғалы шаруаларға 2,5 трлн. теңге көлемінде қолдау көрсетілді.  Елімізде 59 сүт-тауарлы ферма ашылды.

Биыл Агралық несие корпорациясы отандық шаруаларды қолдауға 350 млрд. теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Компанияның несие портфелінде қазір 80 мыңнан астам жоба бар.  Елдегі әрбір үшінші шаруа қаржылай көмек алған. Демек, агралық саладағы несие үлкен сұранысқа ие.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат