Екібастұздағы ең басты ақау анықталды

Қақаған аязда жылусыз қалған Екібастұз қаласында жағдай тұрақталып келеді.

Бүгінгі таңда әлеуметтік нысандарда температуралық режим қалыпты деңгейде. 

Жылуға қосылған көп қабатты тұрғын үйлердің саны артқан. Ең бастысы Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 17 үйді жылудан ажыратқан құбырдағы ақаулар анықталды. Қазір барлық күш сол апат салдарын жоюға жұмылдырылып жатыр.  

Қыстың көзі қырауда мұз құрсанған Екібастұз қаласының жағдайы ешбір сын көтермейді. Жылу электр орталығындағы апатқа байланысты 689 көпқабатты, 5672 жекеменшік тұрғын үй,  мыңнан астам нысандар   жылумен қамтудың төменгі параметріне көшірілді. Жүйені қатырып алудың алдын алу мақсатында 149 көпқабатты үйді, 114 жекеменшік үйді, 15 әлеуметтік нысанды жылудан ажыратуға тура келді.  Отыз градус аязда қала тұрғындары жылусыз отыруға мәжбүр болды. Ал жергілікті билік жылыту пункттерін ұйымдастырса,  волонтерлер жылытқыш құралдарын таратумен айналысты. 

Аян Бейсекин, штаб басшысы, Екібастұз қаласының әкімі: 

- Тұрғындар арасында жылыту пункттеріне келіп жатқандар өте аз. Кешегі күннен бері оншақты адам ғана келді. Біздің жылыту пункттеріміздің көбі әлеуметтік мекемелерде орналасқан. Қазір шамамен 4 мыңдай адамды сыйдыруға толық мүмкіндік бар. 

Қиын қыстау кезеңде қала тұрғындары да қол қусырып қарап отырған жоқ.  Оксана Безрук бірнеше күн бойы жұмысшыларға ыстық шай таратып жүр. Айтуынша өзі тұратын  Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 60-үй толық апатты жағдайда тұр.  

Оксана Безрук, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Бізде қазір өте күрделі жағдай қалыптасқан. Жертөлеміз мұз болып қатып қалды. Ол жылу желілері,  кәріз жүйесі, суық су мен ыстық су. Бізге бригада көмекке келді. Үй тұрғындары бастама көтеріп, жұмысшыларға көмектесіп жатырмыз. Әйелдер  тамақ  жағынан көмектессе,  ер адамдар барлық жұмыстарға атсалысуда. Жұмыс өте қауырт. Материал жағынан тапшылық бар.

Коммуналдық апатқа байланысты Екібастұзға арнайы келген  жұмыс тобы әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті. 

- Үш сағатқа берді одан кейін сөндіріп тастады. Кеше бірінші үш сағатқа беріп циркуляцияны тексердік. Циркуляциядан кейін қайтадан өшірдік те жаңағы ауаларын шығару жұмыстарымен айналысып, қазір міне негізгі трассаға қосуға.

Екібастұз қаласының тұрғындары үшін арнайы желі іске қосылған. Қақаған аязда жылусыз қалған қала халқына жылытқыш құралдар тегін таратылып жатыр. Сонымен қатар барлық келтірілген шығын өтелетін болады.  

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы:

- Бүгін біз жағдайды толығымен тұрақтандыра аламыз деп ойлаймын. Әлеуметтік нысандардың бәрін аралап шықтық. Ауруханалар мен перзентханада температуралық режим қалыпты деңгейде. Көпқабатты үй тұрғындарымен байланыстамыз. Тұрғындар жөндеу бригадаларына белсенді түрде көмек көрсетіп жатыр. Жылумен қамту жүйесінде жылу бар. Тек кей жерлерде циркуляция болмай тұр. Апатты жоюға 40 бригада жұмылдырылды. 

Екібастұзға Павлодар, Астана, Қарағанды, Петропавл қалаларының жылу берушілері, сантехниктері келді. Олар уақытпен санаспай жұмыс істеп жатыр. Кеншілер мен энергетиктер шаһарының  қалыпты өмірге  тезірек оралуына үлес  қоспақ. 

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат, Марат Игіліков