Қазақстанда өндірілетін кобальт изотопы Германия нарығына шығарылады

Оны өндіру технологиясын Алматының іргесіндегі Алатау ауылында орналасқан Ядролық физика институтының мамандары әзірледі.

Кобальт-57 радиофармацевтика препаратына жатады. Ол негізінен медицинада әртүрлі ауруларды ерте диагностикалау үшін қолданылады. Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асырылған өндіріс қазірдің өзінде табыс әкеліп отыр.

Қазақстанның Ядролық физика институты өзінің радиофармацевтикалық препараттарын Еуропа нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Өткен жылдың соңында германиялық компаниямен келісім-шарт жасалған. Келісімге сәйкес Еуропалық Одақтың медициналық орталықтарына кобальт-57 изотопы жеткізілетін болады. Изотопты алу процесі өте күрделі. Ол үшін "циклотрон" деп аталатын электрофизикалық қондырғы қолданылады. 

Александр Сильнягин, Сyclone-30 бағдарламасының жетекшісі:

- Біздің екі негізгі бағытымыз бар. Солардың бірі – радиофармацевтикалық препараттар. Атап айтқанда, фтородиоксиглюкоза қатерлі ісік ауруын ерте анықтау үшін қолданылады. Сондай-ақ осы циклотронда біз байытылған никельді сәулелендіріп, кобальт-57 аламыз. Бұл медициналық жабдықты орнату үшін қажет. 

Кобальт-57-ні өндірудің технологиялық процесі 3 жыл бұрын жасалған. Бұл радиофармацевтикалық препарат шетелде үлкен сұранысқа ие. Ол негізінен томографиялық жабдықтарды орнату және кейбір ауруларды ерте кезеңде анықтау үшін қолданылады. Жобаға Қазақ ғылым қоры белсенді қолдау көрсетті. 

Игорь Горлачев, Радиофармпрепараттар бойынша өндіріс жетекшісі: 

- Біз қазір бірнеше айға тапсырыстар алдық. Енді осы өнімді дайындап, жақын арада жөнелтуді жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, өнімнің бір мили-кюриінің құны 25 доллар тұрады. Соңғы 3 жылда жеткізілген кобальт-57-нің 14 кюриінің өзі 139 млн теңгеге жуық табыс табуға мүмкіндік берді.

Бұрын қазақстандық кобальт-57-ні ресейлік компания сатып алатын. Ол радиофармацевтикалық препараттармен әлем нарығының жартысына жуығын қамтамасыз ететін. Бірақ пандемия, сондай-ақ, Ресейге қарсы жаңа санкциялардың енгізілуі нарықтағы жағдайды өзгертті. Сондықтан жаңа тұтынушыларды іздеуге тура келді,-дейді мамандар. Жоба жетекшісінің айтуынша, Циклон-30 жылына 12 кюри изотопты өндіруге қабілетті. Бұл елімізге қомақты табыс әкелуге мүмкіндік береді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Радик Джакупов