Ақмола облысында 200-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды

Ақмола облысында жүк тасымалымен айналысатын 200-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Оларға тиелген жүктің рұқсат етілген мөлшерден көп екендігі айтылып, жауапқа тартылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

«ҚазАвтоЖол» қызметкерлері мұны арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары арқылы анықтапты. Ал Ресейден бастап, көрші облыс бекеттерінен еш кедергісіз өткен кәсіпкерлер бұл айыппен келіспеген. Нәтижесінде бірнеше құзырлы орган өкілдері осы іске араласып, кәсіпкерлердің уәжі расталған. Тиелген жүкті тексерген өлшеу құралынан ақау шыққаны белгілі болды.  

Арман Рахимов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

- Өкілетті орган кәсіпкерлердің шағымдарын қарау қорытындысы бойынша «ҚазАвтоЖол» құқық бұзушылық туралы барлық хабарламаларды кері қайтарып, сонымен қоса Көліктік бақылау инспекциясымен осы оқиғаға байланысты жасақтанған 40 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың күші жойылды. Осылайша, бизнес субъектілерін сот істеріне негізсіз тартылуына және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеді.