Бойы 2 метр: Жамбыл облысындағы бойшаң сарбаз

Николай Белоусов – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағы ең бойшаң жауынгер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сұңғақ бойлы сарбазға арнайы форма тіктіріліп, аяқ киімін  тапсырыспен алдыртады. 

Бойы тұп-тура 2 метр болатын сарбаз Отан алдындағы борышын өтеді.

Өскемендік Николай Белоусов әскер қатарына былтыр көктемде алынған болатын. 91678 әскери бөлімінің жауынгері, тау-қорық бөлімшесіндегі ең еңселі сарбаз. Сұңғақ бойлы жігіт әскерге бару туралы шешімді өзі қабылдағанын айтады.

Николай Белоусов, 91678 әскери бөлімінің жауынгері:

- Көрген жұрттың барлығы бойыма таңданыспен қарап, суретке түсіп жатады. Әскерге келгенімде де біразға дейін көпшіліктің назарында болдым. Бірақ бұған еш қысылмаймын. Керісінше, елден ерекшелеп тұратын артықшылық ретінде қараймын. Жалпы қазір аймақтағы ең ұзын жауынгермін. Бұл өзінше бір мақтаныш.

Әскердегі медбикелер тау тұлғалы сарбаздың бойын өлшеу үшін қосымша үстелге шығуларына тура келеді. Ал жауынгердің өзі 2 метрлік кереуетке әрең сиятынын айтады. Онымен қоса оған шақ форма мен аяқ киім табу қиын. Алайда қажетті формамен қамтылған.

Артем Гречаник, 91678 әскери бөлімінің жауынгері:

- Сырт көзге күлкілі көрінетін шығармыз. Менің бойым 1 де 60, онікі 2 метр дегендей. Бірақ бұл достығымызға кедергі емес. Әскерге келгенде Николаймен бірден достасып кеттік. Мінезіміз ұқсайды. Мен қандай көмек сұрасам да, бас тартқан емес. Мен де қолдан келгенін аянбаймын.

Әскери қызметін аяқтаған Николай енді бірер күнде өзі туған өлкеге оралады. Дегенмен әскермен қоштасқысы жоқ. Алдағы уақытта Ақтөбедегі әскери институтқа түсіп, авиацияда қызмет етуді қалайды.

Айта кетерлігі, бұған дейін дәл осы әскери бөлімде бойы 1,98 см болатын Әсет Әбілғапаров қызмет еткен еді.

Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә.