Қарағандыда көпқабатты үйден өрт шығып, бір адам көз жұмды

Қарағанды қаласында көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, мамандар 19 адамды құтқарып, эвакуациялады.

Ысты газға уланған қарт әйел жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды қаласы Күзембаев көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама 10 наурыз күні сағат 03:26-да түскен. Шақыру орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшелері кіреберістегі қатты түтінді байқаған. Газ-түтіннен қорғау қызметінің екі тобы барлауға, подъезд тұрғындарын құтқаруға және эвакуациялауға бағытталды.

«Қатты түтіннің салдарынан 4-қабатта орналасқан пәтерден өз бетінше эвакуациялануға тырысқан анасы мен баласы табылды. 1946 жылы туған әйел улы газдан уланып, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды», – деп мәлім етті Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Өрт сөндіруші-құтқарушылар автосатының көмегімен осы кіреберістің пәтерлерінен 4 адам, оның ішінде 3 баланы құтқарды. Сондай-ақ баспалдақ маршы бойынша 15 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды.

Бесінші қабаттағы пәтерден екі адам ауруханаға жатқызылды – ана мен бала иіс тиіп уланған.

Жалын 1-қабаттағы баспалдақтың астында орналасқан ағаш қоймадан шыққан.

Өрт сөндірушілер жанып жатқан қоймадан сыйымдылығы 27 литр бос газ баллонын алып шықты. Өрттің жалпы ауданы 3 шаршы метрді құрады.