«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының күйік шалған жұмысшысы ауруханада көз жұмды

«АрселорМиттал Теміртау» зауытында бояу құйылған бөшке жарылысынан зардап шеккен 50 жастағы жұмысшы ауруханада көз жұмды. Оқиға салдарынан оның денесінің 90% күйіп қалған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Зардап шеккен жұмысшы ауруханаға денесінің 90% термиялық күйік алған күйінде түсті. Медициналық қызмет көрсетудің барлық кешеніне қарамастан науқастың жағдайы нашарлап, 15 наурызда қайтыс болды», - деді Х. Мақажанов атындағы көп салалы аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Манас Әміров. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы екінші зардап шегушінің жағдайы орташа ауырл екенін хабарлады. Ол қажетті ем алып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 11 наурызда ЖЭО-2 механикалық цехының шеберханасында дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде ЖЖМ буы тұтанып, нәтижесінде газ аппаратурасының слесары мен жөндеушісі күйік алды. Қазіргі уақытта бұл істі арнайы комиссия тергеп жатыр.