Көкшетауда төтенше жағдай режиміне қатысты 9 қылмыстық іс қозғалды  

Ақмола облысында төтенше жағдай режимі басталғалы 9 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке сүйенсек, олардың үшеуі әлеуметтік және діни араздықты қоздыру, екеуі жалған террорлық акті жайлы хабарлау, тағы екеуі біле тұра өтірік ақпарат тарату баптары болса, билік өкілдеріне күш қолдану және заңсыз митингтерге қатысу деректері бойынша екі іс тіркелген. Күдіктілер қамауға алынды. Полицейлер төтенше жағдай режимі кезінде заңбұзғандар қатаң жазаланады деді.

Бақтияр Сүлейменов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

– Өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыз төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағатқа қарамастан заңбұзушылықтарға жол беріп жатыр. Тұрғындар, әсіресе, түнгі уақытта көшеде көп жүреді. Қазір полицейлер күндіз-түні патрульге шығады. Блок-бекеттер де қойылған. Бір сөзбен айтқанда, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан, тәртіпке бағынуларыңызды сұраймыз.