Сенат төрағасының орынбасары халықаралық байқаушылармен кездесті

Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Украина Жоғарғы Радасының депутаттарымен кездесті.

Жоғарғы палата спикерінің орынбасары алдағы сайлауға дайындық туралы хабардар етіп, халықаралық байқаушылардың саяси процеске қатысуы маңызды деді. Қазақстан бұл сайлауды жалпыға бірдей стандарттарға сай ұйымдастыруға ерекше мән береді. Біздің ел халықаралық беделді ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, дауыс беру шараларын дұрыс деңгейде ұйымдастыруға күш салып жатыр. Асқар Шәкіров елімізде саяси жүйені жетілдіру бойынша нақты іс-шаралар атқарылғанын, президенттің саяси реформалар топтамасын заңнамалық тұрғыда іске асыру қамтамасыз етіліп, партия тізімінде әйелдер мен жастарға 30 проценттік квота бөлінгенін жеткізді. Сондай-ақ саяси партияларды тіркеудің тәртібі оңтайланып, парламенттік оппозиция институты енгізілді деді Сенат төрағасының орынбасары. Украина парламенті өкілдері сайлауға дайындықты ұйымдастырудың жоғары деңгейін және саяси науқанды байқау үдерісіне қолдау көрсетілгенін атап өтті.