ОСК жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарын тіркеді

Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің 7-шақырылған депутаттарын тіркеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заң шығарушы орган құрамына енген 3 саяси партия өкілдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған 9 депутат тиісті куәлік пен төсбелгіге ие болды. Сайлау қорытындысы бойынша хаттама бірнеше күн бойы дайындалып, комиссия қарауына ұсынылған. Сөйтіп, ұзын-саны 107 депутатты тіркеу жөнінде арнайы қаулы қабылданды. Сайланған мәжілісмендердің 75-і – алғаш рет депутаттық мандатқа ие болғандар. Яғни төменгі палата 70 процентке жаңарды деуге болады. Барлық партия тізімдерінде әйелдер квотасын сақтауға тырысқан. Мәселен, «Nur Otan» өзіне тиесілі мандаттың 32 процентін әйелдерге берген. AQ JOL-да бұл көрсеткіш – 17, ал Қазақстан халық партиясында 20 процентке орындалған. Жалпы Мәжілістегі депутаттардың орташа жасы – 49.

Анастасия Щегорцова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

– «Ақ жол», «Nur Otan» және «Қазақстан халық партиясы» саяси партияларының тиісті құжаттары ағымдағы жылғы 12-13 қаңтарда ОСК комиссиясына ұсынылды. Сондай-ақ сайлау заңнамасы негізінде Нұр-Сұлтан қаласының аумақтық сайлау комиссиясына ҚХА сайлайтын Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша хаттамаларды ұсынды. Сайлау заңнамасына сәйкес ОСК әрбір депутатқа өзі белгілеген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні береді.

Мәжіліске кімдер депутат болып сайланды. Толық тізім

Nur Otan фракциясының жаңа құрамының 40% әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады. Депутаттыққа кандидаттардың жетеуі ғана бұрынғы мемлекеттік қызметкер. Ал AQ JOL партиясынан Парламенттің төменгі палатасында 12 адам болады. Олардың жетеуі алғаш рет тізімге кірген.

Nur Otan партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына 76 мандат бөлінді. Қазақстанның AQ JOL демократиялық партиясына 12 мандат, ал Қазақстанның халық партиясының үлесіне 10 орын тиді.