Қазақстан елшісі Швецияның короліне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан елшісі Сергей Нұртаев Швецияның королі Карл XVI Густавқа сенім грамоталарын Швеция Сыртқы істер министрлігінің Протокол департаменті арқылы арнайы тәртіппен тапсырды.

Швеция Сыртқы істер министрлігі Протокол департаментінің басшысы Мария Кристина Лундквистпен кездесу барысында С.Нұртаев биыл Қазақстан өзінің Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатқандығын және осы жылдар ішінде біздің ел Швецияны маңызды сыртқы саяси әріптес ретінде қарастырып келе жатқанын атап өтті.

М.Лундквист Қазақстан басшылығының бітімгершілік бастамалары, елдің заманауи саяси дамуы, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз елдің қалыптасуы мен нығаюындағы және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлімен танысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған бейбіт жиналыстар бостандығын, жала жабуды декриминализациялау, гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған серпінді заңдар туралы ақпарат алды.

2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шеңберіндегі Қазақстан мен Швеция арасындағы саяси өзара іс-қимылдың оң тәжірибесі атап өтілді. БҰҰ-дағы қазақстандық және швед делегациялары осы жылдарда бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерінде бірлесіп және белсенді жұмыс істеп келеді, осыған байланысты қазақстандық дипломат бұл тәжірибені халықаралық ұйымдар алаңдарында, атап айтқанда 2021 жылы Швецияның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде барынша жалғастыруды ұсынды.

Сонымен қатар әңгімелесу барысында екіжақты қатынастарды, өзара сауданы тереңдетуге және инвестицияларды тартуға қызығушылық білдірілді.

Протокол департаментінің басшысы елшіге қазақстандық-швед ынтымақтастығын нығайту жолында табысты және жемісті жұмыс тіледі.

Қазақстанның Швециядағы елшілігі 2013 жылы ашылды. Швецияның Нұр-Сұлтандағы елшілігі 2010 жылдан бері жұмыс істейді.

Екіжақты қатынастардың дамуындағы шешуші сәт Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2004 жылғы қазанда Швецияға ресми сапары болды.

Соңғы жылдары Швеция Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға үлкен қызығушылық танытуда. 2015 жылы Швецияның үкіметі Қазақстанды швед өнімін экспорттау үшін 26 басым елдердің тізіміне енгізді. Швеция Қазақстанның Солтүстік Еуропа мемлекеттерінің ішіндегі басты сауда әріптесі болып келеді.

Қазіргі кезде Қазақстанда денсаулық сақтау, телекоммуникациялық технологиялар, энергетика мен қоршаған орта, көлік, білім беру және т.б. салаларда қызмет істейтін швед компанияларының 30-дан астамы ұсынылған. Олардың ішіндегі 15 компания Қазақстандағы өздерінің өкілдіктерін Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде бизнес жүргізуі үшін қолданады. Қазақстанда Швецияның Ericsson, Volvo, Scania, ABB, Atlas Copco, Electrolux, Oriflame, H&M сияқты ірі компаниялары қызмет етеді.

Қазақстандық студенттер «Болашақ» стипендиясы арқылы магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша Лунд университеті мен Каролинска университеті сияқты Швецияның атаулы университеттерінде оқиды.

Covid-19 пандемиясына байланысты Швецияның королі Карл XVI Густавпен дипломатиялық миссия басшыларының жеке аудиенциясы кейінгі уақытта патша сарайында өтеді.

Ақпарат көзі: ҚР СІМ баспасөз қызметі