Мәскеуде Қазақстан мен Ресей серіктестігінің 30 жылдығына орай конференция өтті

Ресей Ғылым Академиясына қарасты Шығыстану институтында Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестіктің 30 жылдығына арналған конференция өтті. Жиынды Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен еліміздің Ресейдегі елшілігі ұйымдастырды. Оған қос мемлекеттің депутаттары, тарихшы-ғалымдары және қоғам қайраткерлері қатысты. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасында өзгелерге үлгі боларлық қарым-қатынас орнағанын талай мәрте айтқан. Форумның ашылуында сарапшылар осы сөздерді тағы да еске салды. Ғалымдардың айтуынша, қара ниетті саясаткерлер тарихи естеліктерді алға тартып, мемлекетаралық шекаралардың заңдылығына қатысты мәселені теріс мақсатта пайдаланады. Форум қатысушылары осы негіздегі шиеленістерге жол бермеуге шақырды. 

Виктор Водолацкий, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты:

- Мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі қазір басты мәселеге айналды. Қазақстанда да, Ресейде де азаматтарымыз татулықты, достықты және келісімді негізге ала отырып өмір сүргісі келеді. Біздің қарым-қатынасымызға сына қаққысы келетіндердің әрекеттері мен қысқа мерзімді сыртқы факторлар көп жылдық тарихымыздың жанында түкке тұрмайды.

Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстан мен Ресей көп кедергіден өтті. Алғашқы жылдардан-ақ қарама-қайшылық көп болды. Қазір де арандатушы әрекеттерге ермеуіміз керек. Ең әуелі тарихшылар, ғалымдар ортақ тарихымызды білуі тиіс. Егер қандай да бір сұрақтарға қатысты түсінбеушіліктер болса, олармен тарихшылар айналыссын. 

30 жыл ішінде екіжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша түрлі дипломатиялық әрі саяси қадамдар жасалды. Ресми деңгейде шешімін таппаған бірде-бір мәселе жоқ. Ынтымақтастықтың басты қағидаты ретінде ұжымдық негізде мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау болып қала береді.

Аликбер Аликберов, РФ Ғылым Академиясы Шығыстану институтының директоры:

- Барлығымыз да заманауи инновациялы мемлекет құрғымыз келеді. Дей тұрғанымен тарихты естен шығармай, оған сүйенуіміз керек. Себебі, біздің тарихымыз ортақ.

Саясаткерлер ғылыми диалогты қайта жандандыру маңыздылығына тоқталып өтті. Қатысушылар бұл форум тарихтың беймәлім тұстарын тану бойынша ортақ жұмыстарға негіз болатынын айтады.

Авторлар: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров