Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясына төрағалықты Қазақстан қабылдады

Түркістанда өткен X пленарлық отырысқа Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Венгрия парламенттері мен өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отырыста Түркістан декларациясы қабылданды.

Стратегиялық құжат аясында алғаш рет бірнеше салада халықаралық модельдік заңдар қабылдау, қауіпсіздікке айрықша көңіл бөлу мәселелері қамтылды. Бірін-бірі бауыр көретін түркі елдерінің пайым-пікірі және қабылданған Түркістан декларациясындағы міндеттер туралы әріптесім Индира Жылқайдарова әңгімелейді. 

Индира Жылқайдарова, тілші:

--Ежелгі қазақ хандығының астанасы, түркі жұртының рухани темірқазығы – Түркістан Елбасының бұйрығымен облыс орталығы атанғалы жаңарып, жаңғырып үлгерген. Осы күндері мұнда күллі түркі әлемінің парламентшілері бас қосты. Осылайша, кезінде келелі мәселелер талқыланған тарихи шаһар енді, міне, маңызды келісімдер орталығына айналып отыр.

Кеңесіп пішкен тон келте болмас. Түркітілдес елдердің парламент палаталарының спикерлері ақылдасып, нәтижесінде Парламенттік Ассамблеяға төрағалықты Қазақстан қабылдады.

Төрағалықты қолға алған Қазақстан тарабы ұйымның халықаралық беделін арттыруға мүдделі. Түркі елдерін жақындастыру идеясын ұсынған Елбасы мен бауырлас мемлекеттердің бірлігін қолдайтын Президенттің де сәлемдесу сөзін меймандарға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жеткізді. Мерейтойлық X пленарлық отырыста тараптар жаһандану үрдісі өріс алған заманда түбі бір түркі халықтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кез туғанын жарыса айтты.

Сагиба Гафарова, Әзербайжан Республикасы Мили Меджлисінің төрағасы:

-Қазақстанның Тұңғыш Президенті, күллі түркі жұртының ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Мұнда Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің ашылуы, онда жиырмаға жуық түркі халықтары студенттерінің білім алуы – Түркістанның түркі дүниесінің орталығы екендігінің айғағы. Сондықтан Қазақстанның түркітілдес мемлекеттерді біріктіруде атқарып жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Бүгінгі форумның өзі соның айқын дәлелі.

Әзербайжан өкілінінің пікірін қостаған Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының спикері Мұстафа Шентоп атажұртта отырған қазақтың сөзіне түркі жұртшылығы құлақ артады деді. Айырқалпақты ағайын парламенттік ұйымның достықты нығайтып қана қоймай, дамудың жаңа даңғылын ашатынына тоқталды.

Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері:

-Түркітілдес елдері Парламенттік Ассамблеясының халықаралық қатынастарды дамытудағы маңызы өте зор. Өйткені әлем күн сайын құбылып, құндылықтардың өзі түрлі өзгеріске ұшырауда. Осындай күрделі кезеңде біздің, түбі бір түркі халықтарының бірлігі, тұтастығымыз үшін ауадай қажет. Ал түркі әлемінің достығын ұйыстырып, сыйластығын сақтауда Қазақстанның орны айрықша. Түркі елдері үшін қазақ халқының сөзі қашан да өтімді. Жаңа идеялары қолдап, қуаттауға тұрарлық.

Талант Мамытов, Қырғыз Республикасы Жогорку кенешінің төрағасы:

-Жаһандық өзгерістер жағдайында түбі бір түркі әлемі елдері барлығымыз ұйысып шешімдер қабылдау керек. Егер әрқайсымыз бөлек әрекет етсек, онда жаһандық құндылықтардың жетегінде кетеміз. Сондықтан түркі елдерінің ортақ мүддесі болғаны абзал. Пленарлық отырысқа өзге елдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері де қатыстырылғаны оның көкжиегін кеңейтеді.

Тобықтай түйін – қоян-қолтық біріге әрекет етуге дайындық тас-түйін, енді тек нақты іс-қимыл керек. Тараптар пленарлық отырыста Түркістан декларациясын қабылдады. Стратегиялық бұл құжаттың маңызды тармағы – Президенттің саяси реформаларын қолдау. Алғаш рет электрондық сауда, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, кинематография мәселелері бойынша халықаралық модельдік заңдар қабылданды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобаларымен одан әрі жұмыстың бес жылдық жоспарын ұсынды. Ең әуелі кибершабуылға төтеп беру тетігі қарастырылатын құжат қабылданбақ. Түркістан декларациясында белгіленген міндеттер аясында Қазақстан  ТүркПА-ның құрамын кеңейтуге де мүдделі.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Дәл қазір түркі тектес ұлттар тарихын, рухын жаңғырту керек болып тұр. Тараптар Елбасының бастамасымен елімізде ашылған Түркістан телеарнасының ақпарат тарату кеңістігін арттырып, күллі түркі елдері аумағына да жеткізуге келісті.

Түрік әлемінің әдебиетін, өнерін, тарихи құндылықтарын айшықтау. Білім беру, ғылым, технология салаларында тиімді аймақтық әріптестікті ілгерілету. Осы секілді Түркістан декларациясында қабылданған өзге де міндеттер екіжақты кездесулерде қаузалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің ақсақалы деп білетін исі түркі жұртының арман-мұраты – өзара серіктестікті ескіше емес, ұлы мақсаттарға жету бағытында жаңаша дамыту.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбол Жұмағұлов, Жомарт Елеуов, Асқар Әбілдаев