Қазақстан Президенті мемлекеттік сапармен Түрікменстанға барды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстан Республикасына мемлекеттік сапары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санаулы сағат бұрын президент ұшағы Ашхабадтағы халықаралық әуежайға қонды. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Түрікменстанға жасаған екінші сапары. Тамыз айында ол Орталық Азия елдері басшыларының кездесуіне қатысқан еді. Бұл жолғы сапарының мәртебесі бөлек. Бұл мемлекеттік сапар. Яғни күн тәртібіне ең өзекті, ең өткір мәселелер шығарылады. Тағы бір ерекшелігі қонаққа ең жоғарғы деңгейдегі сый-құрмет көрсетеді. Түрікмендердің сыйлы қонағының алдынан дәм-тұзын ала шығатын бір үрдісі бар. Біздің Президентке де әуежайдан түскен бойда осындай құрмет көрсетілді. Мемлекеттік сапар аясында екі елге пайда әкелер бірқатар келіссөзге қол қойылады. Сондай-ақ Президенттер жекелеген және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізеді.