Каспийдің конституциясы іспетті болған Конвенцияны тезірек күшіне енгізу керек

Алтыншы Каспий саммиті аяқталды.

Қазақ, Ресей, Әзербайжан, Иран мен Түрікменстан басшылары қатысқан жиында көк айдынның көліктік дәліз әлеуетін арттыру, экологиясын қорғау жайы сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін азайып бара жатқан итбалыққа араша түсуге шақырды.

«Теңіздің солтүстік бөлігіндегі қорықты ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде қайта құру мәселесін қарастырып жатырмыз», - деді. Каспийді қорғау үшін әуелі бестікке ортақ хатшылық керек екенін қаперге салды. Бұл мәселе бұрыннан айтылып келеді. Бірақ әлі жүзеге аспады. Мемлекет басшысы теңіз арқылы тек металл, химиялық өнімдер емес, азық-түлік тасымалын да ұлғайту керек екенін атап өтті. Ақтауда қабылданған конвенцияның тезірек күшіне енуі үшін тиісті жұмыстарды қолға алу керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде біздің басты міндетімізКонвенцияның тезірек күшіне енуіне жағдай жасау. Елдерімізге өзара тиімді болатын шешім қабылдау үшін 4 жылдан бері көп жұмыс істеліп жатыр. Теңіздегі кейбір мәселе мемлекеттердің ұлттық мүддесіне қатысты болған соң біз тараптардың ұстанымына түсіністікпен қараймыз.