Ауған халқына елімізден гуманитарлық көмек жеткізілді

Ауғанстанда таяуда болған жер сілкінісі мен су тасқынының салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Апат кезінде 2 мыңға жуық адам қаза тауып, жүздеген тұрғын баспанасыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан алғашқылардың бірі болып зардап шеккен жұртқа гуманитарлық көмек жөнелтті. Теміржол арқылы 9 вагон жүк жеткізілді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

Бұл Өзбекстанның оңтүстігіндегі 180 мың халқы бар Термез елдімекені. Осыдан тура 2 шақырымда өзбек-ауған шекарасы түйіседі. Ал мынау Біріккен ұлттар ұйымының дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы жүзеге асып жатқан жер. Осы күні әлемнің 15 мемлекеті ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде түрлі жүк жеткізді. Соның ішінде Қазақстан да бар.

Ауғанстан астанасы Кабул да Термезге қол созым жерде орналасқан. Араны қарулы әскер күзетіп тұр. Бірақ бұл екі елдің қарым-қатынасы суық дегенді білдірмейді. Керісінше, Қазақстан секілді Өзбекстан да ауған халқын гуманитарлық апаттан құтқаруға мүдделі. Ауғанстанда тұрақтылық орнаса, сауда жолдары, соның ішінде оңтүстік бағытқа қарай Пәкістанмен алыс-беріс жанданады.

Бақтияр Сәрсенбай Қазақстанның Ауғанстандағы уақытша сенімді өкілі:

– Жақын арада Қазақстаннан алынған гуманитарлық жүкті БҰҰ-ның осы елдегі құрылымдық бөлімшелері Ауғанстанға жеткізіп, таратады. БҰҰ өкілдері Қазақстан Президенті мен Үкіметіне ауған халқына жүйелі түрде көмек көрсетіп отырғаны үшін алғыс білдірді.

Қазақстанда тыйым салынған Талибан ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) басқарып отырған үкімет елдегі жағдайды толық қалпына келтіруді көздеп отыр. Әзірге бұған түрлі фактор кері әсер етуде. Таяуда табиғи апат ішкі ахуалды тіпті қиындатып жіберді. Су тасқыны мен жер сілкінісінен 2 мыңға тарта адам көз жұмып, тағы жүздеген тұрғын баспанасыз қалды. Көбі медициналық көмекке әлі де мұқтаж.

Рамиз Алакбаров, UNAMA басшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары:

– Ауғанстанда 20 миллион халық ішер ас таппай қиналып жүр. 6 миллионы тіпті аштықтың алдында тұр десек болады. Кейінгі кезде ірі табиғи апаттар болып, жағдай ушығып кетті. Осындай қиын-қыстау кезеңде ауған халқы Қазақстанның қолдауын ешқашан ұмытпайды.

Қазақстан Ауғанстанға Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік бағдарламасы аясында көмек беріп отыр. Мұндай жүк тиелген көліктер бұдан бұрын да жөнелтілген. Бірақ бұл жолғысы ең ауқымды. Жалпы жиынтығы 9 вагон өнім. Оның ішінде күріш, өсімдік майы, сүт консервісі, киім-кешек пен төсек жабдығы да бар. Алдағы уақытта апаттан зардап шеккендерге таратылады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов