Левит Азия чемпионатының күміс медалін тағудан бас тартты

Бокстан Дубайдағы Азия біріншілігінде Қазақстанның ерлер құрамасы бес күміс медаль еншіледі. Шешуші сында жерлестеріміз негізінен өзбек спортшыларына есе жіберді.

Атап айтсақ, 49 келідегілер арасында Даниял Сәбит Нодиржон Мирзахмедовке жол берсе, 69 келі салмақ санатында Абылайхан Жүсіпов Бобо-Усмон Батуровтан ұтылып қалды.

75 келіде жұдырықтасқан Әбілхан Аманқұл Саиджамшит Жафаровтан айласын асыра алмады. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев та қарсыласынан басым түспеді. Ел үміт артқан ауыр салмақ санатындағы Василий Левит төрешілер шешімімен үндістандық Санжиттен жеңілді. Ал марапттау рәсімінде Азияның үш дүркін чемпионы күміс алқаны тақпағанын көпшілік оның «төрешілер шешіміне наразылығы» деп түсінді.

Осылайша еліміздің ерлер құрамасы құрлықтық додада биыл алтынсыз қалды. Дегенмен, қазақстандық бұрымдылар жарады. Азия біріншілігінде 8 алтын, 1 күміс, 1 қола алып айды аспанға шығарғаны есте.