Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Қайсар» 11 ойыннан кейін жеңіске жетті

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он алтыншы туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Аталған турда бүгін үш кездесу өткізілді. Бүгінгі алғашқы ойында Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуынан» 2:1 есебімен басым түсті. Бұл кездесудегі үш гол да пенальтиден соғылды. Бірінші кезеңнің 19-минутында талдықорғандық Аслан Әділ сол мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Ал қостанайлық клубтан Неманья Николич 37, Азат Нұрғалиев 47-минуттарда қақпашыны қапы қалдырды. Тағы бір кездесуде Қызылорданың «Қайсары» сырт алаңда Ақтаудың «Каспий» клубын 4:2 есебімен жеңді. «Қайсар» құрамынан бірінші кезеңнің 25-минутында Кларенс Битанг қарсыластар қақпасының торын тулатса, екінші кезеңнің 74, 78-минуттарында Каролис Лаукжемис қос голдың авторы атанды. Ал Думан Нәрзілдаев 85-минутта есепті ұлғайтса, оған «Каспий» құрамынан Руслан Мингазов 86, Рамазан Каримов 90-минуттарда екі голмен жауап қайырды. Осылайша қызылордалық команда 12 ойынға созылған сәтсіздіктер сериясын тоқтатты. Алматының «Қайраты» Түркістанда жергілікті «Тұран» командасының 3:0 есебімен осал тұсын тапты. Ойынның 12-минутында алматылық клубтан Вагнер Лав гол соқса, одан кейін Артур Шушеначев 47, Арсен Буранчиев 66-минуттарда есепті үстемелей түсті. Айта кетейік, аталған турдағы төрт ойын кеше, 18 маусымда өткізілді. Бұл күні өз алаңында «Қызылжар» «Ақжайықтан», «Ордабасы» «Ақтөбеден» 0:1, «Атырау» «Астанадан» 0:2 есебімен жеңілсе , «Шахтер» «Таразды» 1:0 есебімен тізе бүктірді.