Бокс: Василий Левит бірінші кездесуінде сенсациялық нокаутпен жеңілді

Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бокстан 91 келіге дейін салмақта бақ сынаған Василий Левит алғашқы кездесуінде нокаутқа түсті.

Жарысты екінші айналымнан бастаған Левит испаниялық Эммануэль Рейеспен кездесті. Жекпе-жектің бірінші раунды 3:2 есебімен испаниялық боксшының пайдасына шешілсе, екінші раундта қарсыластың ауыр соққысын өткізіп алған Левитке нокаутқа түсті. Осылайша, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері жарыс жолынан шығып қалды.

Естеріңізге сала кетейік, Токиодағы 2020 жылғы Олимпиадаға Қазақстан атынан 9 боксшы сынға түсіп жатыр, олардың сегізі ерлер арасында және біреуі әйелдер арасында бақ сынайды.

Бұған дейін Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Закир Сафиуллин (63 келіге дейін) және Сәкен Бибосынов (52 келіге дейін) өз жекпе-жектерінде жеңіске жетсе, «қазақтың салмағында» өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов (69 келіге дейін) жарысты аяқтады.