Футболшы Валиуллин допингпен ұсталды

Бұл жөнінде инсайдер Айдын Қожахмет өзінің телеграм-каналында мәлімдеді.

Ол жерде ұлттық құраманың мүшесі және қостанайлық «Тобылдың» қорғаушысы допинг сынақтан сүрінгені айтылған. Сол себепті Руслан Валиуллин Босния және Герцоговинаға қарсы кездесуге қатыспады. Рұқсат етілмеген қандай нәрсе табылғаны белгісіз. Бұл сынақтың қай ойыннан кейін алғаны да анық емес. Менің ақпаратым бойынша жағдай қиын деді инсайдер.

Айта кетейік, Руслан Валиуллин әлем чемпионатының іріктеуі аясында Украинаға қарсы ойнап, екі гол соққан еді. Ал кейін Финляндия және Босния құрамаларына қарсы кездесуге қатыспады.

Кезекті кездесудің мерзімі белгілі

Жәнібек қарашада шаршы алаңға шығады. Бұл жөнінде қазақстандық боксшы әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Алда 2 айлық қызу дайындық күтіп тұр. Біз жекпе-жекке чемпиондарды шақырып, промоутер мен менеджерге де мықты қарсыластар беруін сұрап жатырмыз дейді Жәнібек Әлімханұлы.

Айта кетейік, күні кеше ол өзін дивизион патшасымын деп жариялап, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андрадемен кездесуді талап еткен болатын. Жәнібек соңғы рет бірер ай бұрын жұдырықтасты және бұрынғы әлем чемпионы Роб Брантты жеңді. Осылайша  бүгінге дейін 10 жекпе-жек өткізіп, барлығында да басым болды. Тіпті алтауын уақытынан бұрын аяқтады.

«Барыс» жеңіске жетті

Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық клуб өз алаңында «Амур» командасын қабылдаған. Алаң иелері ойынды сенімді бастады және алғашқы минутта есеп ашты. Авторы – Кертис Волк. Одан кейін «Барыс» сапындағы Алихан Асетов пен Аркадий Шестаков нәтижені еселеді. Қонақтар матч соңына дейін қос шайба соғып, есеп айырмасын қысқартуға тырысқан. Бірақ таразы басын теңестіріп үлгермеді. Осылайша «Барыс» биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Соның арқасында 3 ойында 2 ұпай жинап, өз конференциясының 10-сатысына жайғасты. Елордалық клуб келесі кездесуін алдағы сенбіде өткізеді. Бұл жолы өз алаңында мәскеулік «Спартакты» қабылдайды.

ТМД елдерінің ойындары

11 алтын, 29 күміс және 39 қола. Қазақстан құрамасы бүгінге дейін осынша жүлде жеңіп алды. Дәл қазір Қазан қаласында ТМД елдерінің ойындары өтіп жатыр.

Айта кету керек, мұндай форматтағы жарыс алғаш рет қолға алынып отыр. Оның аясында 9 елдің құрамасы 16 спорт түрі бойынша өзара мықтыны анықтайды. Осыған дейін бокс, күрес, самбо және ату спорттары бойынша  чемпиондар анықталды. Мәселен, оқ атудан 5, бокстан 4, және белбеу күресі мен тай боксынан бір-бір алтыннан. Осылайша 11 алтынмен ұлттық құрама әзірге жалпы есепте 4-ші тұр. Топ басында Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан спортшылары.  Алда әлі 2 жарыс күні бар. Қазандағы ойындардың жалпы қорытындысы 11 қыркүйекте белгілі болады.